Boeing компаниясы 737 Max ұшағын шығаруды уақытша тоқтатты. Бұл туралы CNN телеарнасы хабарлады.
Агенттік таратқан хабарламада: «Boeing жұмысы тоқтатылса да, қызметкерлерді қысқарту болмайды. Олар басқа жобаларға ауыстырылады», – делінген.
Осыған дейін АҚШ Азаматтық авиация Федералдық басқармасы жүргізген тексеру кезінде Boeing 737 әуе кемесінің бөлшектерінен бірнеше мәрте ақау табылған. Осы аптада басқарманың ресми өкілдері ұшақтардың қауіпсіздігі басты назарда болатынын, басқарма Boeing 737 MAX модификациясының жоғары стандарттарға сай болуын тексеру процесі мұқият жүргізілетінін хабарлады.
Былтыр 10 наурызда Дэбрэ-Зэйт қаласы маңында «Ethiopian Airlines» компаниясына тиесілі «Boeing 737 Max» ұшағы апатқа ұшырап, салдарынан 157 адам көз жұмған болатын. 2018 жылы қазанда Индонезияда тап осы модельді лайнер құлап, 189 жолаушы қаза тапқан еді. Араға санаулы күндер салып, Американың Джексонвилл қаласындағы өзенге Boeing 737 жолаушылар ұшағы құлады.
Әуе апатынан кейін Ұлыбритания мен Франция ұшақтан бас тартса, Малайзия, Австралия, Индонезия, Қытай мен Сингапур билігі әуе кемесін бұдан былай сапарға шығармайтын болды. Сонымен қатар, былтыр Уфа қаласында дәл осы Boeing 737 NG ұшағы көкке көтерілмей қалған. Бортында 123 жолаушысы болған әуе кемесі енді ұшуға талпынғанда, қанат тұсында дабыл қаққыш іске қосылған.