Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен «атышулы әкім» Болат Бақауов Павлодар облысының әкімі қызметінен босатылды. Бұл туралы Ақорданың сайтында жарияланды.
Бүгіннен бастап Әбілқайыр Сқақов Павлодар облысы әкімінің қызметіне тағайындалды.
Осыған дейін ҚР ҰҚК Павлодар облысының әкімі Болат Бақауовқа қатысты қылмыстық іс қозғағанын хабарлаған болатын. Бақауов Қылмыстық кодекстің 362-бабы 4-бөлігі 3-тармағы бойынша қылмыс жасады деген айыппен күдікке ілініп отыр. Аталмыш баптар өзіне және өзге азаматтар мен ұйым үшін пайда табу мақсатында қызметтік өкілеттігін асыра пайдалану дегенді білдіреді. Мұндай қылмыс жасағаны үшін мал-мүлкі тәркіленіп, 5-тен 10 жылға дейін сотталады және қандай да бір лауазымды атқаруға тыйым салынады.
Сот процесі кезінде Бақауов ісі туралы егжей-тегжейлі баяндалды. Мемлекеттік айыптаудың айтуынша, 2019 жылдың желтоқсанында облыс әкіміне ЖШС-ні тексеру кезінде салықтық заңнамалардың бұзылғаны анықталып, 200 миллион теңгеден аса салықтың алынуы мен салық төлеуден мақсатты түрде бұлтарғанына қатысты сотқа дейінгі тергеудің басталғаны туралы ақпарат жетеді.
«Болат Бақауов «AksuTransLogistic» ЖШС-нің иесі болып табылатын өз туысының мүддесі үшін, яғни, басқа жеке тұлғаның пайдасы үшін бірнеше мәрте заңсыз түрде өзіне берілген құқық пен құзыретті асыра пайдаланып, Павлодар облыстық МКД-нің жауапты тұлғаларынан шынайы қорытындыны жасырып, артық алынған соманы 3-5 миллион теңгеге дейін азайтып көрсетуді талап еткен», – деді Мемлекеттік айыптаушы.