Американың бірнеше қаласында АҚШ пен Иран қақтығысына және әскери әрекеттерге қарсы белсенділер мен шерушілердің наразылық акциясы өтті.

Reuters агенттігінің хабарлауынша, Уашингтонда Ақ үй алдында, ал Нью-Йорктегі шеру «Таймс-сквер» алаңында өткен. Акцияға қатысушылар «Иранмен соғысқа жол жоқ!» деп ұрандаты, мәселені бейбіт жолмен шешуге шақырды. Қазіргі уақытта екі ел мәселесін тұрақтандыру мақсатында НАТО мен Еуропа елдері бірқатар шаралар бастаған.

31 желтоқсанда АҚШ-тың Бағдаттағы елшілігі алдында наразылық шарасы болып, шерушілердің алды елшілік ғимаратына шабуылдаған. Америка бұл наразылықтың артында Иран тұр деп есептейді. Наразылық АҚШ күштерінің Ирактағы және Сүриядағы шабуылында шиит мұсылмандары қаза тапқаны туралы мәлімет тараған соң тұтанған еді.

3 қаңтарда Иракта АҚШ ирандық әскербасының көзін жойып, оқиға жауапкершілігін мойнына алғаннан кейін Уашингтон мен Теһран арасындағы соғыс ықтималдығы туралы айтыла бастады.

"The Qazaq Times"