Иран, Ресей және Қытай арасында бірлескен теңіз-әскери оқу-жаттығуға дайындалуда. Бұл туралы кеше, 25 желтоқсан Теһранның қорғаныс өкілдері ресми мәлімдеме арқылы білдірді. Мәлімдемеде айтылуынша, бірлескен әскери жаттығу Үнді мұхитының солтүстігінде 28 желтоқсан басталып, 4 күнге жалғасады.

АҚШ Иранға экономикалық санкцияны күшейткеннен кейін Теһран Мәскеу және Бейжіңмен болған байланысын күшейте түсті. Бұған дейін Иран, Ресей және Қытай үш ел арасында бұндай теңіз әскери жаттығуы өткен емес. Соңғы жылдары Қытай мен Ресейдің теңіз күштері Иранға жиі сапарлайтын болған.

Америкалық Associated Press ақпараттық агенттігінің хабарлауынша, үш ел арасындағы кезекті жаттығу Оман теңізінде өз ішінде қамтиды. Иран қорғаныс өкілдері жаттығудың мақсатын аймақтық қауіпсіздік ынтымақтастығын тереңдету деп түсіндірген. Алайда, тәуелсіз сарапшылар үш елдің әскери жаттығуы жақында ғана аяқталған АҚШ пен Сауд Арабиясы арасындағы теңіз әскери жаттығуына жауап деп бағалап отыр. Айта кетері, бұл әскери жаттығуға Қытай да қатысқан болатын.

Соңғы жылдары Араб түбегі мен Парсы шығанағындағы саяси жағдай күрделілене түсті. Әсіресе, биыл жазда Сауд Арабиясы мен Иран арасындағы қайшылық тіпті де асқынды. Мұнай тасымалдаушы танкерлерге шабуыл, Сауд Арабиясының мұнай нысандарына жасалған әуе шабуылдары екі елдің шиеленісін одан сайын өршітті. АҚШ Сауд Арабиясына қолдау көрсетіп, Сауд патшалығы иелігіндегі территорияға әуе қорғаныс жүйелерін көбірек орналастырды. Әрине, бұл әрекеттер Теһран тарабынан да жауапсыз қалып жатқан жоқ.

Естеріңізде болса, қыркүйекте Сауд Арабиясының мұнай өндіру нысандарына дрон шабуылдары жасалды. Әлемдегі ең үлкен мұнай өндіруші орын ауыр шығынға батып, Сауд Арабиясының мұнай өндірісі 50 пайызға дейін қысқарды және әлемдегі мұнай бағасы Шығанақ соғысынан кейін екінші рет ең жоғары шекке дейін жетті. Шабуылды Йемендегі Хусид күштері өз мойнына алғанымен, Сауд Арабиясы мен АҚШ шабуылдың артында Иранның тұрғанын айтты.

Теһран бұл айыптауды жоққа шығарды әрі өзіне қарсы қандай да бір әскери әрекеттің еселенген жауабы болатынын айтқан. Бұған қоса, Иран 2015 жылы алты елмен қол қойған ядролық келісім шегінен асыра отырып уран байытуды жалғастырды. Иран бұл әрекетін АҚШ-тың келісімнен біржақты бас тартуына қарсы жауап ретінде көрсетті. Бұнымен тараптар қандай да бір нәтижеге қол жеткізген жоқ. Тек Парсы шығанағындағы шиеленіс тереңдей берді. Ал, кезекті жаттығу Қытай мен Ресейдің өңірдегі әскери белсенділігін жаңа деңгейге көтеруі мүмкін.

“The Qazaq Times”