Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Путин дәуіріне» деген көзқарасы мен посткеңестік мемлекет басшыларының қарым-қатынасы жөнінде сұхбаты ресейлік РИА агенттігінде жарияланды.
Назарбаев өзінің «сенімді серіктесі» жөнінде: «Борис Ельцин өз мұрагерін ұзақ таңдады, нәтижесінде Владимир Путинді сайлады. ХХІ ғасырдың басында Кремльге бұрынғы басшылардың біріне де ұқсамайтын жаңа саясаткер келді. Біріншіден, Владимир Владимирович жоғары деңгейлі эрудит, энергиясы мол және ең күрделі мәселелерді шешуге дайын екендігін көрсетіп, мені таңқалдырды. Оның басшылығымен Ресей қайтадан ұлы держава болды. Жыл сайын Ресейдің қуаты мен халықаралық ықпалы артып келеді.
Екіншіден, біздің арамызда сенімді қарым-қатынас қалыптасты. Біздің әрбір кездесуіміз бекітілген регламент шеңберінен шығып, хаттамамен берілген уақыттан үнемі асып кетеді. Біз мәселелерді жиі бірге талқылап, пікір алмасамыз, өз ұстанымымыздың дұрыстығын дәлелдеуге тырысамыз. Осы ретте «Путин дәуірі» аяқталады деп айта алмаймын», – деді.
Тілшінің «Осы уақыт ішінде Путинмен арада келіспеушіліктер болды ма? Путиннің ел мүддесі үшін атқарып отырған істері сізге толықтай ұнай ма?» деген сауалына Назарбаев: «Путин – прагматикалық саясаткер. Бүгінде бірде-бір ірі халықаралық мәселе Ресей Федерациясының пікірін ескермей шешілмейді. Демек, бұл Владимир Путиннің еңбегін мойындау емес пе?
Қазақстан мен Ресей ұстанымдарының жақындығына қарамастан, күн тәртібінде тұрған халықаралық мәселелерді шешуде өз көзқарасымызға жүгінеміз. Қазақстан мұны жақсы түсінеді, сондықтан да біз барлық көршілерімізбен өзара тиімді ынтымақтастық орнатып келеміз», – деп жауап қатты.
Реплика. 2018 жылы наурызда өткен президент сайлауында Путин халықтың 76,65% дауысымен төртінші рет Ресей Федерациясының президенті атанды. Бұған ресейлік танымал филисоф және әлеуметтанушы Игорь Чубайс: «Путинге дауыс берген адамдар елдің болашағын ойламайтын, өзгерісті қаламайтын консерваторлар. Бұл сайлауда саяси бәсекелестік пен азаматтық белсенділік жоқ. Оның барлығының жолы кесілген. Сайлау қорытындысы көзбояушылық және өте аянышты», – деген пікір білдірген. Қазіргі уақытта шетелдік басылымдар мен халық арасында «Путин дәуірінің» қашан аяқталатыны жөнінде қызу пікірталас болып жатыр.