Өзбекстанның Бас прокуратурасы Гүлнар Каримоваға қарсы жаңа іс қозғады.

Қадағалау органының баспасөз қызметіндегілер атап өткендей, Өзбекстанның Бас прокуратурасы мен Әділет министрлігі АҚШ, Швейцария, Франция, Ресей Федерациясы және Латвия сияқты шет мемлекеттермен Г.Каримованың қылмыстық жолмен алынған 1,3 млрд. АҚШ доллары табысын қайтару мәселесі бойынша бірлесіп жұмыс жүргізіп жатыр, сонымен қатар жекелеген елдерде де қылмыстық істері тергелуде.

Тергеудегі қылмыстық іс аясында келтірілген залалдың мөлшері 165 млн. АҚШ долларынан астам және 85 млрд-ты құраған. Осыған байланысты, бопсалау, иемдену жолымен тонау немесе ұрлау, Өзбекстанның мүдделеріне қайшы мәміле жасасу және елдің қылмыстық кодексінің тиісті баптарында қарастырылған қылмыстық қоғамдастық құрумен байланысты жасаған қылмыстар үшін жаңа айып тағылған.

Бас прокуратура таратқан мәлімдемеде: «Осы жұмыс аясында халықаралық құрылымдар мен азаматтардан Г.Каримованың бұрынғы тергеулерде қамтылмаған жаңа қылмыстары туралы деректер келіп түсті. Бұл жаңадан ашылған мән-жайлар жаңа қылмыстық іс қозғауға негіз болды. Тергеу барысында Г.Каримова бірнеше адамнан тұратын көптеген ұйымдасқан қылмыстық топ құрып, қылмыстық қауымдастықты басқарған. Г.Каримова және оның сыбайластары ұйымдасқан топтардың құрамында жасаған қылмыстары үшін сот тағайындаған жазаны өтеп жатыр», – делінген.

Гүлнара Каримоваға қарсы іс АҚШ-та 2014 жылы қозғалған. Өзбекстан билігі де Каримоваға 53 млн доллар иемденді деген айыппен іс қозғаған. 2017 жылы елдің Бас прокуратурасы Каримова 10 жылға сотталғанын хабарлады. Бірақ бір жылдан соң Ташкент облыстық соты оның жазасын бес жылға еркіндігін шектеуге (үйқамаққа) ауыстырды. 2019 жылы наурызда оны қайтадан колонияға жіберді.

"The Qazaq Times"