Бүгін елордалық бір топ белсенді полиция департаментіне барып, Желтоқсан және Жаңаөзен оқиғасы құрбандарын еске алуға мұрсат беруін, өздерін қудаламауын сұрады.

Азаттық таратқан ақпаратқа сәйкес, белсенділер «16 желтоқсанда конституциялық құқықтарын пайдаланып, митингіге шыққысы келеді». Алдын-ала қамданып жатқан азаматтардың айтуынша, «митинг қарсаңында белсенділердің үйін аңдып, оларды көшеден ұстау – полицияның әдеті».

Оқиға орнында болып қайтқан Азаттық тілшісінің хабарлауынша:

– 1986 жылғы Желтоқсан және 2011 жылғы Жаңаөзен оқиғасы құрбандарын еске алуға құқығымыз бар. Неге сүтке, нанға, дәріге шыққан жерімізден алып кетесіңдер? [Желтоқсан және Жаңаөзен оқиғасы кезінде] Менің туыстарымның балалары өлді, таныс-достарымның жақындары өлді. Гүл шоғын қою – менің парызым. Құран оқуға мүдделімін. 16 желтоқсанда бізге тиіспеңдер! – деген наразылардың бірі полицейлерге.

Полиция департаменті ғимаратының тіркеу залында «өздерін аңдып, ізіне түскен, қудалаған» полицейлердің суретін ұстап тұрған белсенділер себепсіз айыптап, жөнсіз қудалауды тоқтатуды талап етті. Артынша наразылар алдына келген астаналық полиция департаменті төрағасының бірінші орынбасары Бақытжан Малыбаев шықты. Оның мекеме залына кіріп талқылау туралы ұсынысынан белсенділер бас тартып, өз наразылығын білдірді.

Бұған дейін 1986 жылы 16-17 желтоқсан күндері қазақ студент және жұмысшы жастары Кремльдің Қонаевтың орнына Колбинді  тағайындауына қарсылық танытып, Алматыдағы үкімет үйінің алдына бейбіт митингке шыққан. Аяусыз жаншылған шеруге қатысушылардың бірнешеуі көз жұмса, көпшілігі қуғындалып, оқу-партия, қызметінен босатылған. Сондай-ақ ауыр жарақат алғандар да жетерлік. Ал тәуелсіздік жылдары, анығы 2011 жылдың 16 желтоқсаны Жаңаөзен мұнайшылары еңбек дауынан басталған жартыжылдық қарсылық-аштық акцияларынан соң бас көтерген болатын. Ереуілде полиция мұнайшыларға оқ атып, салдарынан ресми мәлімдеме бойынша 17 адам көз жұмып, жүзден аса кісі ауруханаға жүгінген.

Әдетте, Тәуелсіздік күні қарсаңында елде ойын-сауықтық іс-шаралар көптеп ұйымдастырылып, тарихи-идеологиялық шаралар шетін қалып жатады. Тіпті Алматыдағы колледждер мен ЖОО студенттерінің жатақханаға кіріп-шығуы қиындап, екікүндік қатаң тәртіптегі бақылауға алынады. Бұл жылдағы «ашып айтылмайтын айшықты дәстүрге» айналғалы қашан.

"The Qazaq Times"