Елордада 2020 жылы көпбалалы отбасыларға берілетін жаңа мемлекеттік жәрдемақыға құжат қабылдау басталды.
Жаңа мемлекеттік жәрдемақы 2020 жылдың 1 қаңтарынан төленеді. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәлімдеуінше, «жаңа жәрдемақының басты ерекшелігі – отбасы табысына қарамай көпбалалы (төрт баладан бастап) отбасыларға жаппай төленетін болады».
«Мемлекеттік жәрдемақы төрт немесе одан да көп кәмелетке толмаған, немесе күндізгі бөлімде оқитын 23 жасқа дейінгі балалары бар барлық көпбалалы отбасыға табысына қарамастан төленеді», – делінген әкімдік хабарламасында.
- 4 баласы бар отбасыларға – 42 496 теңге;
- 5 балаға – 53 127 теңге;
- 6 балаға – 63 757 теңге;
- 7 және одан да көп балаларға 74 388 теңге.
Құжаттарды астаналық ХҚКО бөлімдерінде, «Жанұя» отбасын қолдау орталығында және қаланың басқа да пунктерінде тапсыруға болады.
Құжат қабылдау желтоқсан бойы жүргізіліп, 2020 жылдың қаңтарында қайта жалғасады.
Мемлекеттік жәрдемақыға ілігу үшін отбасының барлық мүшесі бірге тұруы тиіс және бір мекенжайда тіркелуі керек. Олай болмаған жағдайда, отбасылардың жаңа жәрдемақыны алу құқығы шектеледі. Сондықтан көпбалалы отбасылар халыққа қызмет көрсету орталығына келіп, балаларын да бір мекенжайға тіркеп, сол жерде жаңа жәрдемақыға өтініш бергені жөн.
Биліктің бұл қадамы қоғамда әртүрлі пікір қайшылығын туғызды. Қоғам белсенділері көпбалалы отбасының табысына қарамастан берілетін мемлекеттік жәрдемақыны «АӘК-ті ығыстыру әдісі әрі бюджет үнемдеудің жолы» деп бағалайды. Аталған мәселеге қатысты тәуелсіз сарапшылар «жаңа мемлекеттік жәрдемақы үлгісі» биліктің 21 мың теңгені құрайтын қазіргі АӘК-нің шығынын қысқарту үшін ойлап тапқан «тетігі» екенін айтады. Әр балаға 21 мың теңге алып отырған отбасыларға қосымша табысына қарамай берілетін аталмыш жәрдемақы жалпы табыс есебіне енгізіліп, тиісінше тоқсандық табыс мониторингінде шекті көрсеткіштен арттыру үшін «әзірленген әдіс» дейді кейбір белсенділер. Осы арқылы жан басына шаққанда табысы 21 мыңнан асқанда АӘК төлемі тоқтатылатынын айтады.