Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен Нұр Отан партиясының өңірлік филиалдары көлемінде кеңес өтіп жатыр.
Назарбаевтың қазақша аз жазатын баспасөз хатшысы Айдос Үкібай «Жиын барысында сөз алған Назарбаев партия мүшелеріне Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың айналасына бірігудің қажеттілігін және саяси бағыттың сабақтастығын жалғастыруды қайтадан еске салды», – деп жазды өзінің twitter парақшасында.
«Биліктік партияның» аумақтық филалдары өкілдерінің басқосуына үкімет басшысы Асқар Мамин мен партия жетекшілерінің бірі Бауыржан Байбек қатысып жатыр.
Биыл елдегі саяси процестердің үдеуі қоғам санасын қозғап, әр түрлі қызу дикуссиялар жүргені мәлім. Қазақстанның экс-президенті Назарбаевтың өз орнына «ұзақ жылдар бойы дайындаған» Тоқаевты тағайындауы, артынша Президенттік сайлау, көпбалалы әйелдер мен жұмысшылардың жарасы піскен талаптары... жастардың «креативті» акциялары, партия құруға талпынған тараптардың көбеюі... Ең соңғысы, қазанның 9-ы мемлекет басшысы Тоқаев қол қойған атышулы №184 жарлығы («ҚР Президентінің кейбір актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы») қоғамда қызу талқыға түсті. Кейбір сарапшылар «болмаған билік транзитін экс-басшыға псевдорәсімдеу» деп бағаласа, азаматтық қоғам арасында «қосбиліктік» тақырыбы желдей тарады. Абаев пен Уәли, артынан Қарин бірінен соң бірі түсіндірме беруге тырысты.
Бұған қатысты Дос Көшім «Назарбаевтың биліктен толық қол үзбегенін көрген басқа өзі қойған адамдары, топтары, жолдастары, «халық сайлаған депутаттары» әзірге Тоқаевтың билігін толық мойындамайды. Мұнда адами, психологиялық фактор бар. ...Назарбаевтың билікті толық бермей ұстап отырған себебі көрші Атамбаев пен Каримовтардың жайын көріп тәжірибе байытты» деген болатын. Саясаткер «экс-президенттің қалуын, әуелі – саяси мәдениетсіздік, екіншіден, бұл – өзін қорғауы» деп бағалаған.