АҚШ Мемлекеттік хатшысы Майк Помпео 20-21 қарашада Брюссельде өтетін НАТО сыртқы істер министрлерінің кеңесіне қатыспақ.
Мемлекеттік департаменттің баспасөз қызметі: «Помпео бастаған делегация НАТО одақтастарымен және Бас хатшы Йенс Столтенбергпен желтоқсанда Лондонда өтетін НАТО басшылығының кездесуіне дейін бюджетке қаражат бөлу және ұжымдық қорғанысты талқылайды», — делінген.
НАТО үшін өзара ынтымақтастықпен қатар, лаңкестік және энергетикалық қауіпсіздік мәселелері, Түркияның Сүриядағы операциясы да күн тәртібінде тұрған тақырып. Биыл 9 қазанда Түркия Сүрияның солтүстігінде «Бейбітшілік қайнары» аталатын арнайы операция бастаған. Түрік авиациясы мен артиллериясы көрші ел аумағындағы күрд жасақтарын соққыға алды. Әскери операцияның мақсаты – лаңкестерге оңтүстік шекарада дәліз құруға жол бермеу. Анкараның жоспарына сәйкес сүриялық босқындар осы аймақтан Түркияға орала алады. Ресми Дамаск бұл операцияны агрессия деп атады, ал халықаралық қауымдастықтар Анкараның әрекетін айыптады.
17 қазанда АҚШ пен Түркия әскери операцияны тоқтату туралы келісімге келген. Трамп тараптар өзара келісімге келгеннен кейін Түркия Сүриядағы контртеррористік операциясын тоқтатқанын айтқан. «Қашықтығы 20 миль (32 шақырым) болатын қауіпсіздік аймағы құрылды» – деген АҚШ президенті Сүрия-Түркия шекарасында оқ ату тоқтатылып, жағдайдың тұрақталғанын мәлім етті. Тараптар ортақ келісімге келген соң, Уашингтон Анкараға енгізілген санкцияның күшін жойды.