Дүниежүзілік банк (ары қарай ДБ) дүйсенбіде жасаған мәлімдемесінде, Қытайдың Шыңжаңдағы құрылыс жобаларын қаржыландыруды тоқтататынын білдірді. ДБ болжауынша, 2015 жылы Қытайдағы білім беру жобасына берілген 50 млн доллар көлеміндегі несие Шынжаңдағы мұсылман азшылықтарын қамайтын лагерлерге жұмсалған болуы мүмкін. Дүниежүзілік банк аталған болжамдарын дәлелдеу мақсатында тексеру жүргізіп жатқанын білдірген. Бұл туралы The New York Times басылымы арнайы мақала таратты. 

Дүниежүзілік банк ұсынған несиені азаматтарды қудалау, қамау, жазалау әрекеттеріне және қамау-жазалау құралдарына жұмсағаны туралы болжамды бұған дейін АҚШ-тың республикашыл сенаторлары айтқан болатын. Бұған қоса кейбір тәуелсіз сарапшылар ДБ-ның білім беру жобалары үшін ұсынған несиесін Қытай билігі жалдамалы қауіпсіздік қызметкерлеріне таяқшалар мен жасауратқыш газ құтыларын сатып алуға жұмсағанын мәлімдеген еді.

Бұған дейін, БҰҰ тарабы Қытайдың Шыңжаң жерінде 1 миллионнан астам ұйғыр, қазақ, және өзге де мұсылман азшылық өкілдерінің қамалғанын, олар «Қайта тәрбиелеу лагерлерінде» өздерінің діни сенімінен бас тартып, коммунистік идеологияны қабылдағанын мәлімдеуге мәжбүр болғанын растап келді. Алайда, ресми Бейдің бұл лагерлерді «Кәсіптік білім беру орталығы» деп атап, оны кәсіби білім беру, мамандық беру орталықтары ретінде көрсетуге тырысты.

Дүниежүзілік банк кезекті мәлімдемесінде, бұл мәселе туралы ауқымды сараптау жүргізіп жатқанын, алайда айыптауды толық дәлелдеудің қиын екенін айтқан. Алайда, Қытайға бағытталған несиелерге қатаң бақылау орнатып, несие жобаларын өзгертуді қолға алған.

АҚШ пен Қытай арасындағы сауда соғысы, сауда келіссөздеріне байланысты Трамп әкімшілігі Қытайдағы адам құқығының бұзылуы мәселесіне үнсіздік танытып келгені шын. Алайда, соңғы бірнеше айда АҚШ Мемлекеттік департаменті және Конгресс мүшелері арасынан Шыңжаңдағы әрекеттеріне байланысты Қытай үкіметіне қысым түсіруге дайын лауазымдылар көріне бастады. Айталық, өткен айда Трамп үкіметі қытайлық бірқатар технология компанияларын адам құқығын бұзу айыбы бойынша қара тізімге енгізді. Оның арасында президентіміз Тоқаев Қазақстанға тартып жатқан Hirvision компаниясы да бар. Сонымен бірге, АҚШ үкіметі Шынжаңдағы адам құқығының бұзылуы әрекеттеріне қатысы бар деген коммунистік партияның мүшелеріне, бірқатар қытайлық лауазымды тұлғаларға визалық шектеу қойды.

АҚШ вице-президенті Майк Пенс бастаған бірқатар лауазымдылардың ұсынысы бойынша Дүниежүзілік банктың Қытайға несие беру көлемі азайтылуы да мүмкін. Айталық, 2017 жылы ДБ Қытайға 2,42 млрд АҚШ доллары көлемінде несие берген болатын, биыл бұл сома 1,33 млрд долларға дейін азайтылуы мүмкін.

АҚШ пен ДБ-ның кезекті әрекеттері Қытай билігін одан арман ашуландыруы мүмкін. Себебі, Бейжің үкіметі Шыңжаң мәселесі бойынша АҚШ-тың сын-пікір айтуын қалаған емес. Бейжің тарабы Шынжаңдағы әрекеттеріне терроризмге қарсы күрес ретінде көрсеткісі келеді. Әрі, шетелдердің бұл мәселеге араласуын қаламайды. Айталық, өткен аптада Қытайдың СІМ өкілі Гың Шуаң мәлімдемесінде: «Қытай тарабы АҚШ-тан терроризмге қарсы күрес әрекеттеріне қосарлануын және Қытайдың ішкі ісіне араласуды тез арада тоқтатуын талап етеді», – деген болатын.

“The Qazaq Times”