Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы қаласын дамыту мәселелері жөнінде кеңесте шаһар басшылығына бірқатар тапсырмалар бере отырып, "ерекше ескерту" жасады.
Ақорда таратқан ақпарға қарағанда, Қасым-Жомарт инвестиция тарту, жаңа жұмыс орындарын ашу, инфрақұрылымды дамыту, шағын және орта бизнестің өркендеуіне жағдай жасау, сондай-ақ, экологияны қорғау әкімдердің жұмысындағы негізгі көрсеткіш екенін айтқан.
– Алматының атқарар рөлі өте маңызды. Қалада басқа өңірлерге үлгі болатындай көп жұмыс атқарылып жатыр. Дегенмен, қаланы әрі қарай дамыту, халықтың әл-ауқатын арттыру, тұрмыс сапасын жақсарту – күн тәртібінен түспейтін міндет екенін ұмытпағанымыз жөн, – деді мемлекет басшысы.
Тоқаев бизнес пен инновацияны дамыту есебінен қала экономикасының жоғары өсімін қамтамасыз етудің маңыздылығын басты міндет ретінде айтты. Аталған бағыт бойынша қаладағы атқарылған жұмыстарға тоқталған Мемлекет басшысы қаланың индустриялық аймағында 33 компания тіркелгенін және 156 миллиард теңгеден астам инвестиция салынғанын мысалға келтірді. Сонымен қатар, президент аталған аймақта 7 жыл ішінде небары 6 жаңа кәсіпорын іске қосылғанын, биыл тек 1 шағын зауыт қана жұмыс істей бастағанына назар аударды.
Осыған орай Тоқаев қала әкіміне индустриялық аймаққа, әсіресе, жоғары технологиялық және экспортқа бейімделген жаңа жобалар тартуға кеңес берді.
Мемлекет басшысы инновацияны дамытудың және тың жобаларды енгізудің маңыздылығына тоқталып, қалада жетекші университеттер шоғырланғанын және ғылыми әрі кадрлық әлеуеті жақсы екенін атап өтті. Бұл ретте ол осы салада маңызды әзірлемелердің жоғына назар аударып, Алматыдағы «Инновациялық технологиялар паркі» арнайы экономикалық аймақтың потенциалын пайдалануды тапсырды.
Қазақстан президенті қаладағы бизнес ахуалды жақсарту және оның инвестициялық тартымдылығын арттыру жөніндегі жұмыстарды жандандыруды тапсырды.
– Егер біз еліміздегі ірі қалалардың, жалпы еліміздің инвестициялық және туристік тартымдылығын шынымен арттырғымыз келсе, жуық арада шетелдіктерді көші-қон полициясы органдарында міндетті тіркеу сияқты анахронизмнен құтылу керек, – деді ол.
Баяндамада шағын және орта бизнестің дамуына кедергі келтіретін проблемаларды шешудің маңыздылығын атап өтті.
– Кәсіпкерлерге жүргізілген сауалнама нәтижесінде көптеген көрсеткіштер бойынша қала жергілікті атқарушы органдар жұмысының тиімділігі, сыбайлас жемқорлықтың таралуы, тексерулердің негізділігі жөнінен артта қалып келеді. Шағын және орта бизнеске жан-жақты қолдау көрсету, түрлі кедергілерді алып тастау міндеті қала әкімдігінің мойнында қала береді. Алматы еліміздің басты іскерлік орталығы мәртебесін сақтауы тиіс, – деді.
Ел басшысы тамақ өнімдеріне, ең алдымен, нан мен ет өнімдеріне қымбаттауына жол бермеу керектігін айтты.
– Азық-түлік өнімдеріне бағаның өсуі біздің экономикамыздың осалдығының айқын көрсеткіші болып табылатынын мойындау керек. Мысалы, сыртқы нарықтарда конъюнктураның нашарлауына сілтеме жасау мүлдем орынсыз. Үкімет экономика өсімінің жаңа тетіктерін құру үшін қосымша шаралар әзірледі. Бұл шараларды мен арнайы кеңесте мақұлдадым. Оларды шұғыл түрде жүзеге асыру қажет, – деді Тоқаев.
Президент келесі бір маңызды міндет ретінде қала тұрғындарының әлеуметтік жағдайын айтты. Ол жұмыссыздық проблемасын, медициналық қызмет көрсету ісін жақсарту қажеттігін, сондай-ақ, жалпы білім беретін мектептер мен балабақшалардағы орын тапшылығын ерекше атап көрсетті.
Өмір сапасын арттыру мен қаланың инфрақұрылымын дамыту ісін қамтамасыз ету мәселелері де сөз етілді.
– Біз Алматыны халықаралық бизнес және туризм орталығы ретінде көрсетеміз. Сондықтан қала тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыру жөніндегі барлық жұмыс халықаралық стандарттарға сай бейімделуі тиіс. Ең бастысы, азаматтарға қалада өмір сүру қолайлы әрі жайлы болуы керек. Бұған үйге баратын жолдың болуы, әлеуметтік инфрақұрылымның жақын әрі қолжетімділігі, сапалы ауызсумен, газбен, үздіксіз электр қуатымен және жылумен қамтамасыз етілуі сияқты бірқатар факторлар әсер етеді, – деді Тоқаев.
Президент көшелерді жарықтандыру, аулалардың жағдайын жақсарту, арық жүйесінің жұмысын реттеу жөніндегі проблемаларды шешу үшін қала әкімдігіне тапсырма берді.
Мемлекет басшысы қаланың көлік инфрақұрылымын дамытуға байланысты жетістіктерін атап өтіп, осы саладағы бірқатар мәселелерге назар аударды.
– Күн сайын Қаскелең, Қапшағай, Талғар жағынан және Құлжа күре жолы арқылы қалаға 200 мыңнан астам автомобиль келеді. Бұл Алматыда, әсіресе таңертең және кешкі уақыттарда кептеліс жасайды. Бұл проблеманы автожолдарды қайта салу және кеңейту арқылы ғана емес, сондай-ақ, метро желілерінің санын арттыру және қала мен іргелес аудандарды қосатын қоғамдық көлікті дамыту арқылы шешу қажет, – деді.
Президент Алматының сейсмологиялық тұрғыдан белсенді аймақта орналасқанын айтты.
– Қала тұрғындары соңғы селді жақсы біледі. Бұл – халықты алаңдатып отырған мәселе. Қалада сел қауіпсіздігін толық қамтамасыз ете отырып, «Ақсай» және «Аюсай» шатқалдарында бөгеттер салу жұмысын бастау қажет, – деді мемлекет басшысы.
Кеңес барысында Тоқаев қаланың экологиялық ахуалы мен ауаның сапасына баса мән берді. Ол қоғамдық көліктерді газға және басқа да жанармайдың экологиялық түрлеріне көшіру ісін аяқтауды, қаланың жеке секторларын және қала маңы аймағын газдандыруды жүзеге асыруды, ағаштарды, алма бақтарын заңсыз отау мәселесіне бақылау орнатуды, сондай-ақ, қаланы көгалдандыру және Алматы апортын қайта қалпына келтіру жұмыстарын жандандыруды тапсырды.
Президент өз сөзінде Көкжайлау тау шаңғысы курортын салу мәселесіне нүкте қойды.
– Бұл мәселеге қайта-қайта оралмау үшін осы жобамен айналысуға тыйым саламын. Оның үстіне барлық кәсіби экологтар да оған қарсы шығуда, – деді Мемлекет басшысы.
Тоқаев мегаполистің туристік әлеуеті туралы айта келіп, туристік өнімдерді өте жоғары деңгейде дамыту үшін Алматының әлеуеті зор екенін атап өтті. Бұл тау, мәдени, этнографиялық туризм сияқты, іскерлік туризмге де қатысты. Президент 2025 жылға дейінгі туристік саланы дамытудың мемлекеттік бағдарламасында Алматы өңірінің тау кластері басым бағыт болып белгіленгенін айтты.
– Үкімет пен қала әкімдігіне таулы аймақтардың жоспарын жүзеге асыру ісін бастауды тапсырамын. Бұл жоба 2 миллиард доллардан астам инвестиция тартып, кемінде 30 мың жұмыс орнын аша алады. Бұл ретте барлық шешімдер халықтың пікірін ескере отырып қабылдануы қажет екеніне назар аударамын, – деді ол.
Мемлекет басшысы қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелеріне де тоқталды.
– Өкінішке қарай, Алматы қылмыс деңгейі бойынша елімізде бірінші орында тұр. Бұл жерде ұсақ құқық бұзушылықтар – ұрлық пен бұзақылықтың үлесі басым. Олардың көптігі соншалық, қала тұрғындары бұл жағдайды қылмыс жайлап алғандай қабылдайды. Бұл – қала тұрғындарын толғандыратын басты мәселелердің бірі, – деді Тоқаев.
Сонымен қатар, кеңесте премьер-министрдің бірінші орынбасары Әлихан Смайылов, Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев, Президенттің көмекшісі Аида Балаева, сондай-ақ, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов сөз сөйледі.