Беларусь президенті Александр Лукашенко мен Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ресми кездесу өткізді.
Екі ел басшылары кеңейтілген құрамда келіссөздер жүргізді. Александр Лукашенконың елімізге ресми сапары Қазақстан мен Беларусь арасындағы өзара стратегиялық әріптестік пен экономикалық іс-қимылдардың дамуына серпін беретінін атап өткен Қасым-Жомарт Тоқаев сөзінде: «Александр Григорьевич, сіздің сапарыңыз біз үшін аса маңызды. Өйткені бұл біздің мемлекеттеріміз арасындағы ынтымақтастық пен қарым-қатынастардың шынайы достық сипатқа құрылғанын дәлелдейді. Сонымен қатар екі елдің іскерлік әріптестігіне, оның ішінде экономикалық, гуманитарлық байланыстар мен халықаралық қарым-қатынастарға тың серпін береді», – деді.
Өз кезегінде Александр Лукашенко: «Қазақстанмен арадағы қарым-қатынасымыз өте жақсы екенін, экономикамыздың бірін-бірі толықтырып отыратынын және екі ел өзара жаңа мүмкіндіктерге жол ашатынын айтқым келеді. Біздің елімізде шығарылатын өнімдер Қазақстанға қажет. Ал біз қазақстандық өнімдерді сатып алуға дайынбыз», – деп мәлімдеді.
Келіссөздер нәтижесінде бірқатар құжаттарға қол қойылып, арнайвы шаралар өткізілген. Атап айтар болсақ, Қазақстан-Беларусь бизнес форумында тараптар жалпы сомасы 75 миллион АҚШ доллары болатын 15 құжатқа қол қоятындығы мәлім болды. Қос мемлекет ауылшаруашылық техникасын жасау, жеңіл өнеркәсіп, тамақ өнеркәсібі, фармацевтика салаларында әріптестік орнатпақ.
Былтыр Беларусь Республикасының шаруалары Қазақстанға 311 млн доллардың азық-түлігін экспорттаған. Ал биылғы қаңтар-тамыз аралығында 187 млн доллардың азық-түлігі әкелінді. Әсіресе, ірімшікке, сиыр мен құс етіне сұраныс артып тұр. Сиыр еті былтырғыдан 2 есе, құс еті 1,7 есе, ірімшікке деген сұраныс 7% артқан. 2019 жылдың 8 айында 27,7 млн доллардың ет өнімдері, 62 млн долларға сүт және сүт өнімдері импортталған.