Орталық коммуникациялар қызметі орталығында өткен баспасөз жиынында ДСМ Тауарлар мен көрсетілетін қызмет сапасын және қауіпсіздігін бақылау комитетінің басшысы Людмила Бұйрабекова БАҚ өкілдерін Атыраудағы атышулы перзентханаға тексеру жүргізген арнайы комиссияның қорытындысымен таныстырды.
Апта басында ДСМ жүргізген аудит қорытындысы бойынша, 2018 жылы Қазақстанда 277 бала тірі туған, бірақ, оны дәрігерлер өлі туды деп жазғаны анықталған еді.
Сонда комитет басшысы Людмила Бұйрабекова тілшілерге:
– Біз Қазақстанда өлі туған нәрестелердің 2018 жылғы көрсеткіші бойынша анализ жасадық. Осы тексеруде аймақтардың статистиканы жақсарту үшін балалар тірі туып, кейін өліп қалса да, оны өлі туды деп есептеген жағдайларды анықтадық, – деген болатын.
«Осы жылдың 9 айында Атырау облысында 1 жасқа дейінгі сәбилердің 156 өлімі тіркелген. Оның ішінде 98 бала облыстық перинаталдық орталықта, қалған 54-і басқа медициналық ұйымдарда қайтыс болған. 4 бала үйде көз жұмған. Сәби өлімінің негізгі себебі перинаталдық кезеңдегі жағдай, инфекциялық аурулар, туа біткен кемістіктер, жазатайым оқиғалар болып отыр», – деді Людмила Бұйрабекова.
Жаңа туған шараналар өлім-жітімінің көбеюі тамыз-қыркүйек айларында арта түскен. Қоғамдық резонанс тудырған мәселенің шынайы себебін білу үшін қайтыс болған 42 баланың медициналық картасы егжей-тегжейлі тексерілген деседі. Оның 74%-ы 2,5 келіге жетпейтін салмақпен туған.
Эпидемиологиялық тексерулер нәтижесінде базалық нормативтер мен тазалықтың сақталмауынан инфекция тарағаны, салдарынан отызға тарта сәбидің көз жұмғаны анықталып, дәлелденген.
«Дезинфекциялық, стерильдік режимдер сақталмаған. Мекеменің өзінде жеке кір жуу бөлмесі болмаған. Ал келісімшарт бойынша қызмет көрсететін кәсіпорын санитарлық талаптарға мүлде сай емес екені анықталды. Жаңа туған нәрестелерді санавиациямен тасымалдау кезінде де санитарлық талаптар сақталмаған. Ауданнан облысқа жеткізу кезде инфекция жұғып отырған. Тамыз-қыркүйек айында қайтыс болған 42 сәбидің 26-сы аурухана ішіндегі инфекциядан көз жұмғаны анықталды», – деді ол.
Білікті 26 маманнан құрылған комиссия анықтаған деректерді алға тартқан Бұйрабекованың сөзінше, дәрігерлердің көбі жұмысында қолданылатын нормативтік базаны мүлде білмейді әрі мекемеде емдеу-диагностика тәртібі сақталмаған.
Инфекциялық бақылау талаптары бұзылған көрінеді. Сәйкесінше 26 сәбидің өліміне себеп болған инфекцияның аурухана ішінде таралуына жауапты адамдарға әкімшілік жаза қолданылған-мыс.
«Дистологиялық материалды зерттеу кезінде перинаталдық орталық мамандары қойған клиникалық диагноздарды сарапшылар растаған жоқ. 18 баланың денесінен бактериялық сепсис анықталды. Перинаталдық орталық қойған клиникалық және паталоганатомиялық диагноздардың тек 15,4%-ы ғана расталды. Қыркүйек айында қойылған диагноздардың 35%-ы расталса, қалған 65%-ында диагноз расталмады. Бактериялық сепсистен көз жұмған 8 баланың диагнозын перинаталдық орталық мамандары мүлде басқалай жорыған. Осыдан-ақ аурухана ішінде инфекция тарағанын көруге болады. Оны шетінеген балалардың қаны растады. Санитарлық-эпидемиологиялық жағдайды бақылауда ұстамағанның салдарынан дерт қыркүйекке дейін жалғасқан», – дейді комитет басшысы Бұйрабекова.
Ведомство өкілінің айтуынша, алдағы уақытта елдің күмән-күдігін күшейткен жүйелік мәселелер негізінде республика көлемінде барлық перзентханаларға қатаң тексеру жүргізілмек.