АҚШ сөзінде тұрмай, күрдтер басқа аймаққа кетпейтін болса, Түркия Сүриядағы әскери операцияны жалғастырады. Бұған жауап ретінде Уашингтон Анкараға әскери соққы жасауы мүмкін, – дейді NBS телекомпаниясы.
9 қазанда Түркия Сүрияның солтүстігінде «Бейбітшілік қайнары» аталатын арнайы операция бастаған. Түрік авиациясы мен артиллериясы көрші ел аумағындағы күрд жасақтарын соққыға алды. Әскери операцияның мақсаты – лаңкестерге оңтүстік шекарада дәліз құруға жол бермеу. Түркияның бұл қадамынан кейін әлем елдері мен халықаралық ұйымдар әртүрлі пікір білдіре бастады. Осы ретте Еуропалық одақ өкілдерінің айтуынша, Сүриядағы шиеленіске қатысты кез келген мәселе БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің 2254 резолюциясы мен 2012 жылы қабылданған Женева коммюникесіне сәйкес шешілу керек.
Қазіргі уақытта АҚШ тарапы Сүрияның солтүсігінен әскерилерін шығарып, Иракка жіберіп жатыр. Эль-Камышлы елді мекенінен кеше жүзге жуық техника Дахукқа көшірілген. Бұл жөніндемәлімдеме жасаған Ақ үй басшысы Трамп: «Түркия мен күрд жасақтары ойын алаңында ойнап жүрген екі балаға ұқсайды. Бақыламасаң, төбелесіп қалады. Арасына түсіп арашалау керек. Сол ажырататын ересек АҚШ болып тұрғой мұнда. Менің ойымша, екі тарапқа ең ыңғайлысы – келісімге келу. Америкалық әскерилерді Сүриядан сол үшін әкетіп жатырмыз», – дейді.
22 қазанда Түркия президенті мен Ресей басшысы Сочиде кездесу өткізіп, әскери операцияны талқылаған. Сарапшылардың болжауынша, Ердоған АҚШ-қа төтеп беру үшін одақтас іздемек. Кейіннен Режеп Тайып Ердоған: «Бүгін соңғы күн. Сағат 22.00-де уақытша келісім аяқталады. Біздің әскерилер барлығын бақылауда ұстап отыр. Америка берген уәдесін орындамаса, күрдтер өңірден кетпесе, Түркия әскери операцияны тоқтаған жерінен қайта жалғастырады», – деді.