Гонконгте Бейжің шешіміне қарсы ереуілдер жалғасын тапты. The Washington Post басылымының мәліметінше, осы аптада шеруге шыққан он мыңдай наразы жұрт АҚШ-тан көмек сұрап отыр.
Гонконг тұрғындары Қытайдың «бір мемлекет, екі жүйе» ұстанымына қарсы шығып отыр. Барлық айыптауларды орынсыз деп таныған Бейжің тарабы «АҚШ пен Батыс елдері шаһарға іріткі салды» дейді. Осы ретте үкімет ғимаратының маңына жиналғандар Гонконгтегі азаматтардың құқығы туралы заң жобасын қабылдау жөнінде Уашингтонға үндеу тастады. Үндеуде америкалық конгресс қаланың демократиясына қарсы шыққан қытайлық және гонконгтік шенеуніктерді жазалауы керектігі айтылған. Америка туын қолдарына ұстаған жастар «Бізге демократия керек!» деп ұрандатты.
Гонконгтегі жаппай наразылық шерулері маусымда басталған. 16 маусымда 2 миллионға жуық адам наразылық шеруіне шыққан еді. Бұл ел тарихында болмаған массалық наразылық акциясы. Араға он күн салып экстрадициялау туралы заңға түзетулер енгізуге қарсы жүздеген демонстрант тағы да шеруге шықты. Олар Жапонияның Осака қаласында өтетін G20 саммитіне қатысатын 19 елдің консулдық кеңселеріне барып, басшыларынан Қытайға қарсы қысым көрсетуді талап етті.Наразы топ ел азаматтарының Қытайға экстрадициялау туралы заңға наразылық танытқан. Алайда, Қытай үкіметі бұл наразылық акциясын «шетелдік күштер ұйымдастырды», «олар Қытайға зиян келтіруге тырысуда» деп мәлімдеді.
Мұндай аса ауқымды наразылық шеруі Гонконгте 1997 жылдан бері болған емес. Сол тұста Британия үкіметі Гонконгті Қытай үкіметінің айрықша басқару тәртібіне өткеріп берген болатын. Бұған наразы жүз мыңдаған адам көшеге шығып, ҚХР билігін қабылдауға қарсы наразылық білдірген. Гонконгта жергілікті әкімшілік басшысы Кэрри Лам заң жобасын күн тәртібінен алып тастау туралы шешім қабылдады, бірақ бұл үкіметке қарсы наразылық толқынын тоқтатпады.