БҰҰ соңғы онжылдықта ең ірі қаржылық дағдарысқа ұшырады. Бұл туралы Handelsblatt неміс басылымы хабарлады.
БҰҰ-ның бітімгерлік операциялары үшін бюджет бөлек құралады. Биыл оның көлемі 6,7 миллиард доллар болса, келер жылға 6,5 миллиард деп бекітілген. Алайда, ұйымның 3,3 миллиард доллар болатын бюджетінің 2 миллиарды ғана жиналған. Себебі, ұйымға мүше кей елдер тиісті жарнаны аудармағандықтан, қажетті қаржы қоры жиналмаған. Салдарынан 44 мың қызметкердің жалақысын төлеу қиындай түскен. Осыған байланысты БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш: «Бюджет тапшылығына байланысты біздің жұмысымыз бен реформаларымыздың жүзеге аспай қалу қауіпі бар. Келер жылғы бюджетке қатысты ұсыныстарды таныстыра отырып, ұйымға мүше елдерден жарнаны уақытылы және толықтай төлеуін сұраймын. Ал экономикалық қиындықтарға қарамастан қаржылық міндеттемелерін орындаған мемлекеттерге алғысымды білдіремін»,— дейді.
Мәліметтер бойынша, бүгінгі таңда ұйымға мүше 193 мемлекеттің 129-ы ғана тиісті жарнаны төлеген. Осы ретте ұйымға басты борышкерлердің бірі — Құрама Штаттары. Қазір АҚШ-тың үлесі Бітімгерлер қызметінің жалпы бюджетінің 28%-ы. Уашингтон өткен жылы 380 миллион доллар төлемесе, биыл оның ұйымға қарызы 670 миллион долларға жеткен. АҚШ президенті Дональд Трамп Америка жарнасының тым үлкен екенін айтып, оны реформалауды ұсынып отыр.