Ұлттық қауіпсіздік комитеті Алматыда теракт жасамақ болған адамның сотталғанын хабарлады.

Алматы қаласы Алмалы аудандық қылмыстық сотының А.Ж.Битимбаевты терроризм актісіне дайындалу, терроризмді насихаттау, діни алауыздықты қоздыру және атыс қаруын заңсыз сақтау фактілері бойынша 10 жылға соттау туралы үкімі заңды күшіне енді. Ол ҰҚК назарына деструктивті діни идеологияны ұстанушы және Қазақстан Республикасында тыйым салынған «ДАИШ» халықаралық террористік ұйымының жақтасы ретінде іліккен. Тексеру барысында оның ғаламторда «ДАИШ» үгіт-насихатының ықпалымен халық көп шоғырланған орындарда жарылғышты пайдаланумен терактілер дайындауы туралы ақпарат алынды.

Тергеу орындарының дерегінше, сәуірде Алматыда ұсталған күдікті содырларға қосылу үшін Сүрияға баруды жоспарлаған.Тінту кезінде одан атыс қаруы мен травматикалық қару, қолдан жасалатын жарылғыш құралдар жасауға арналған құрамдас бөлшектер, үш сауда-ойын-сауық орталығының сызбалары, бетперде мен қолғап алынды.

Қазақстан ұлттық қауіпсіздік комитеті (ҰҚК) 2018 жылы шілдеде Таяу Шығыста соғыс басталғалы бері Сүрия мен Иракқа Қазақстанның 800-ге жуық азаматы кеткенін хабарлаған. 2019 жылы Қазақстан билігі «Жусан» операциясы кезінде Сүриядан 516 адамды жеткізген, олардың 360-ы - бала.

"The Qazaq Times"