Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған 1998 жылы Адана қаласында Анкара мен Дамаск арасында қол қойылған келісімге сай түрік әскерлері Сүрияда трансшекаралық операция жүргізуге құқылы деп мәлімдеді.
Yeni Safak газетіне сұхбат берген Ердоған АҚШ президенті Дональд Трампқа қарата: «Сүриядағы әуе кеңістігін пайдалануға келер болсақ, ол АҚШ-қа тиесілі емес. Бұл халықаралық кеңістік яғни Сүрияның әуе кеңістігі. Ол АҚШ-қа тиесілі емес. Оны пайдалану туралы мәселе [Сүрия президенті Башар Асад] тәртібімен шешіледі. Америка Сүрияда арнайы келісілген режимге сай қадам жасап отырған жоқ. Ал біз Сүрия аумағында Аданадағы келісім аясында іс-қимыл бастадық. Осы шартқа сәйкес біздің әскерилеріміз лаңкестерді қудалауға құқылы», – деді.
Түркия мен Сүрия арасындағы қарым-қатынас 1980-1990 жылдары шиеленісе бастаған. Өйткені, Анкара Дамаскті Күрдстанның жұмыс партиясын (РПК) қолдады деп айыптады. 1998 жылдың қазанында екі ел қарым-қатынасы саяси дағдарысқа ұшырап, осы мәселені шешу үшін Түркия Сүрияға 45 күндік мерзім берді. Сол жылы сүриялық билік РПК көшбасшысы Абдуллах Оджаланды елден қуу туралы шешімге келген. Кейіннен 1998 жылы 20 қазанда Түркия мен Сүрияның Сыртқы істер министрлігі, ішкі істер басқармасының өкілдері Аданада қауіпсіздік мәселелері жөніндегі бірлескен хаттама мен келісімге қол қойған.
Кеше Ақ үй басшысы Трамп мәлімдемесінде Түркияға ескерту жасап, «шектен шығып кетсе елдің экономикасын талқандаймын» деп ескертекен. Осы ретте Түрік басылымдарына Ердоған алғаш рет америкалық әріптесінің мәлімдемесіне қатысты түсініктеме берді. Өз сөзінде ол: «Мен Трамптың бұл пікірін қазіргі жағдайды одан ары ушықтыру деп білемін. Дегенмен, бізде қазір мүмкіндік бар. Трамппен екіжақты байланыстарды қолдаймыз және оны әрі қарай жалғастырамыз. Бірлесе отырып Түркия – Америка қарым-қатынасын нығайтуға тырысамыз», – деді. Сонымен қатар, түрік басшысы 13 қарашада Уашингтонда АҚШ президентімен келіссөздер жүргізуді жоспарлап отыр.
Өткен аптада Ердоған Ефрат өзенінен шығысқа қарай күрд лаңкестеріне қарсы операция жүргізілетінін хабарлаған болатын. Дәл бүгін Түркияның қарулы күштері Сүрияда әскери операцияны бастап кетті. Түрік авиациясы мен артиллериясы көрші ел аумағындағы күрд жасақтарын соққыға алды. Әскери операцияның мақсаты – лаңкестерге оңтүстік шекарада дәліз құруға жол бермеу. Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанның мәлімдеуінше, соның нәтижесінде екі ел шекарасында қауіпсіз аймақ құрылады. Және бұған дейін Түркияны паналаған сириялық босқындар өз үйлеріне оралатын болады. Ресми Анкара бұл арқылы шекаралас өңірде қауіпсіздік аймағын құрып, онда сириялық босқындарды орналастыруды көздеп отыр.