Қытайдың мемлекеттік энергетикалық компаниясы Ирандағы табиғи газ жобасынан бас тартты. Иран мұнай министрі Бижан Занганех бірнеше күн бұрын департаменттің веб-сайтында: «Қытайдың Ұлттық Мұнай-Газ Корпорациясы (CNPC) Ирандағы Оңтүстік Парс газ кен орнын игеру жөніндегі ынтымақтастық жобасынан бас тартты», – деп мәлімдеді. Бұл аталған компанияның Теһранға қарсы АҚШ санкцияларынан қысым көргеннен кейінгі шешімі.

Иран мұнай министрінің мәлімдеуінше, Қытай ұлттық компаниясы бас тартқан жобаны Иранның Petropars ұлттық компаниясы өз бетімен игермек. Компания бастапқыда жобаны әзірлеу үшін қытайдың PetroChina және француздың Total компанияларымен істестік жасасқан еді.

2017 жылы аталған жобада франциялық Total 50,1 пайыз үлесін, қытайлық PetroChina 30 пайызын, ал Petropars 19,9 пайыз үлесімен бөліскен еді. Былтыр АҚШ Иранға қарсы санкцияларын қалпына келтіргеннен кейін, 2018 жылдың тамыз айында Total компаниясы жобадан бас тартқан.

Қытай Сыртқы істер министрлігі қытайлық корпорацияның Ирандағы маңызды жобадан бас тартқаны туралы растаған. Бірақ, толық мәлімет беруден бас тартқан. Ал, CNPC-дың ресми сайтында бұл туралы мәлімет тек Иранның ресми мәлімдемесінен кейін ғана шықты.

Дүйсенбіде, америкалық танымал басылым The Wall Street Journal «Қытайдың мұнай-газ алыптары АҚШ қысымына байланысты Ирандағы жобаға қаржы аудара алатын банк табу аса қиын болғанын мойындады» деп хабарлаған еді. Естеріңізде болса, АҚШ санкциясына байланысты былтырдың өзінде CNPC-тың негізгі қаржы желісі саналатын Kunlun bank Иранға қаржы аударуды тоқтатқанын мәлімдеген еді.

South China Morning Post осыған қатысты хабарында, Қытай ұлттық компаниясының Ирандағы жобадан бас тартуы тікелей АҚШ санкциясымен қатысты екенін кесете жазған. Хабарда сондай-ақ, CNPC сайтындағы мәліметтерге сілтеме жасай отырып, компанияның Құрама Штатта да еншілес жобаларының бар екенін, АҚШ санкциясы сол үшінде компанияға қатерлі болатынын жазған.

Естеріңізде болса, бұдан бірер апта бұрын сайтымызда The New York Times басылымының Қытай мен Иран арасындағы инвестиция туралы болжамы жарияланған еді. Онда Қытайдың Иранға миллиардтаған инвестиция салу тәуекелінің АҚШ санкциясына байланысты сәтсіздікке ұшырайтынын жазған.

 

“The Qazaq Times”