2016 жылы қарашада АҚШ-та кезекті президенттік сайлау өтті. Нәтижесінде, Республикалық партия ұсынған кәсіпкер, саясаткер Дональд Трамп жеңіске жетіп, Американың 45-ші президенті атанды. Сол уақыттан бері АҚШ-тағы сайлауға Ресей араласып, деректерді қолды етті деген гипотеза айтылып келеді. Расымен, Ресей АҚШ-тағы президенттік сайлауға араласты ма? Сараптап көрелік.
АҚШ-тағы 58-ші президенттік сайлауға Кремль «қол сұқты» деген тақырыпта әлем басылымдары жарыса жазғаннан кейін АҚШ Барлау қызметі арнайы тексеру жүргізіп, Ресейдің араласуымен жергілікті партияның сервері бұзылды деген қорытынды шығарды. Бұдан бөлек, тексеру барысында жарияланған арнайы құжатта Владимир Путин АҚШ сайлауына араласу үшін компанияларға тікелей тапсырма бергендігі де жазылған. Содан бері Ресей Америка қоғамындағы бытыраңқылықты көздеп, елдің ішкі саясатын регресске ұшыратуды көздейтіндігі айтылып та, жазылып та келеді. Сайлау жөнінде Уашингтон мен Кремль арнайы келіссөз жасаған жоқ деген Ақ үй басшысы Дональд Трамп та Ресей кез келген мемлекетке қарсы «агрессиялық саясат» ұстанатындығын айтып, бірнеше мәрте санкциялар енгізген.
Аталған мәселе төңірегінде таяуда ғана тың зерттеулер мәлім болды. АҚШ сенатының барлау жөніндегі комитеті Ресейдің америкалықтар пікіріне ықпал ету мақсатында әлеуметтік желілерді пайдаланғаны туралы есеп жариялады. Есеп авторларының пікірінше, Кремль қолдауымен жұмыс істеген «тролльдер фабрикасы» 2016 жылғы президенттік сайлауда Демократиялық партия өкілі Хиллари Клинтонның беделін түсіруді көздеп, жеке мәліметтерді қолды еткен. Сенат жариялаған есеп АҚШ арнайы қызмет өкілдерінің осы мәселе бойынша жариялаған қорытынды есебімен сәйкес келеді.
Аталған мәселеге қатысты сарапшылар да Ресей өзге мемлекеттердің саяси жүйесіне белсенді араласып, әртүрлі сайлауларға «қол сұғуы» мүмкін дейді. Америка мен Ресей қарым-қатынасы жөнінде зерттеу еңбектерін жазып жүрген АҚШ ұлттық барлау қызметінің экс-директоры Джеймс Клэппер ресейліктердің 1960 жылдан бастап әртүрлі елдердің сайлау жүйесіне араласқандығын айтады. Клэппер өзінің «Факт және қорқыныш: барлау өмірінің қиын шындықтары» атты кітабында Кремль 2016 жылы АҚШ-тың сайлауына араласу жүйесін ең алғаш Украинадағы сайлау кезінде тәжірибиеден өткізді дейді. Клэппердің пікірінше, АҚШ сайлауында қолданылған барлық тактика ең алғаш Украинада бірнеше мәрте сынақтан өткен. Расымен, 2018 жылдың қазанында Украинаның экс-президенті Петр Порошенко Ресей Украинадағы сайлауға белсенді түрде араласуға дайындалуда деп мәлімдеген болатын. Осыдан кейін Еуропа мемлекеттері алда болатын президенттік сайлау кезінде кибер шабуылдың алдын алуға қатысты шара қолданатынын жеткізген.
Биыл ақпанда АҚШ Қарулы Күштерінің киберқауіпсіздік бөлімі 2018 жылы АҚШ-тағы аралық сайлау кезінде Петербургте ресейлік «интернет-зерттеу агенттігіне» (сондай-ақ «тролльдер фабрикасы» ретінде белгілі) қарсы кибероперация өткізді. «Washington Post» басылымының хабарлауынша, 2018 жылдың қарашасында болған кибершабуыл салдарынан агенттіктің құпия мәліметтері қолды болып, ғаламтор жұмысы тоқтатылған. Тексеру нәтижесінде американдық компания ресейлік «троль фабрикасының» бір бөлімін дүниежүзілік желіден жойған. Арнайы операция 5 қарашада, яғни АҚШ-тағы аралық сайлау қарсаңында өткізілген. Басылымда айтылғандай, ауқымды операция Ресей тарапынан туындайтын киберкеңістіктегі қауіп-қатерлерге қарсы әрекет ету бойынша АҚШ барлау қызметінің алғашқы жұмысы.
Мұнымен қатар, Ресей тарапынан киберқылмыстың артуына байланысты өткен жылы наурызда АҚШ Қаржы министрлігі ресейлік компанияларға қарсы санкциялар енгізген болатын. 2018 жылы ақпанда Америкадағы Колумбия округінің федералды соты ресейлік «интернет-зерттеу агенттігі» 2016 жылғы президенттік сайлауға араласты деп ресми түрде айыптады. Тергеу қорытындысына сәйкес, компания қызметкерлері АҚШ азаматтарының атынан әлеуметтік желілерде аккаунттар ашып, желіде Хиллари Клинтон мен демократиялық партияға қатысты құпия ақпараттарды орналастырған. Ал ресейлік компания басшысы, президент Владимир Путиннің «сенімді серігі» Евгений Пригожин өзінің «тролльдер фабрикасына» еш қатысы жоқ екенін және оның компаниясына тағылған айыптың жалған екенін айтып ақталды.
«Тролльдер фабрикасы» деген атпен белгілі ұйымның штаб-пәтері Санкт-Петербургте орналасқан «Интернет-зерттеулер агенттігі» Кремльге жақын ресейлік кәсіпкер Евгений Пригожинге тиесілі. Арнайы прокурор Роберт Мюллер де Ресейдің 2016 жылы АҚШ-тағы президент сайлауына араласуы туралы қорытынды есебінде осы агенттікті бірнеше рет атап өткен. АҚШ «тролльдер фабрикасымен» байланысты бірнеше заңды және жеке тұлғаға (арасында Пригожин де бар) санкция салған.
Владимир Путин 2017 жылы өткен Арктика форумындағы мәлімдемесінде Ресейдің АҚШ Өкілетті және төтенше елшісі Сергей Кисляктың тыңшылық мақсатты «құпия кездесулеріне» қатысты жарық көрген хабарларды «сандырақ» деп бағалап, «Өзінің әр кездесуі құпия әрекет деп аталуда. Шынында да бұл сандырақ емес пе? Ақ Үйдің саяси қоғамды, іскерлер және мемлекет қайраткерлерімен кездесу бүкіл әлем қабылдаған дипломатиялық бір әрекет» деп бағалаған. Сонымен қатар, NBC News телеарнасына сұхбат берген Ресей басшысы Америка өз ісінде басқаларды кінәлі етпей, сайлау жүйесіне өзгерістер енгізуі тиіс деп ұсыныс білдірген. Сол уақыттан бері Путин «Ресейге бағытталған көзқарасы АҚШ-тың ішкі саяси күштері тарапынан өз мүддесі мен даңқын көтеру үшін қолданылады» деген пікірде.
Қорыта айтқанда, жоғарыда келтірілген дәлелдер Ресейдің басқа мемлекеттердің ішкі саясатына килігуі немесе АҚШ-тағы президент сайлауына араласуы жөнінде айтылған сан болжамдарды растай түскендей. Қайткенмен де, Еуропалық одақ елдері мен Құрама Штаттары «агрессиялық саясат» ұстанады деген Ресейдің келесі қадамы жаңа бір саяси ойынға жол бастайтыны анық.