Ұлыбритания Ішкі істер министрі Прити Пателдің хабарлауынша, мемлекет Еуроодақ құрамынан шыққан соң жаңа қатаңдатылған иммиграциялық жүйе енгізілмек.
Жаңа тәртіпке Аустралияның 5 балдық жүйесі негіз етіп алынады. Ол бойынша өзге елдің азаматтарын қабылдауда тек өте қажетті мамандық иелеріне басымдық беріледі. Ал қалған қоныс аударушыларға шектеу қойылады.
Біріккен Корольдіктің Brexit бойынша келіссөздері 2017 жылдан бері жалғасып келеді. 2016 жылғы референдум бойынша Ұлыбритания 29 наурызда Еуропалық одақ құрамынан шығуы тиіс болатын. Алайда, тараптар ортақ келісімге келе алмағандықтан, Brexit уақыты екі рет кейнге шегерілген. Таяуда мәлім болғандай, ресми Брюссель Ұлыбританияның Еуроодақ құрамынан 31 қазанда шығатынын айтты. Егер бұл кезекті мәрте сәтсіз аяқталса, Британия одақ құрамынан келісімшартсыз шығуы тиіс.