Венесуэла президенті Николас Мадуро Латын Америкасының халқымен ынтымақтастық орнатқаны үшін Ресейге алғыс білдірді.
«Ресей жаһандық көшбасшылығымен батыл қолдау көрсетті. Мен Ресейге және оның халқына алғыс айтамын. Біз Мәскеуде, сондай-ақ түрлі халықаралық алаңдарда бірнеше кездесу өткіздік. Екіжақты қарым-қатынастарды дамыту бойынша үнемі хат алмасып, телефон арқылы сөйлесеміз. Алдағы күндері қарым-қатынасымызды одан әрі ілгерілететін боламыз», – деді ол. Сонымен қатар, Мадуро Ресей президенті Владимир Путинмен тұрақты байланыста екенін айтты.
Әлем елдері үшін «диктатор басшы» атанған Николас Мадуро мен «агрессиялық саясат» ұстанатын Владимир Путин арасындағы байланыстың нығаюынан Құрама Штаттары, Еуропалық одақ мемлекеттері сезіктене бастаған. Себебі, Венесуэладағы бір жылға созылған дағдарыстың артында қазіргі президент пен Ресей қарым-қатынасының қатысы бар деген тұжырымдар айтылған. Каракаста өткен бірнеше халық толқулары кезінде Мәскеу өз әскерін сол аймаққа жіберген болатын. Мұнымен қатар, Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Венесуэла президенті жақын арада Путинмен кездесетінін хабарлады.
23 қаңтарда Жоғарғы Сот жойылғаннан кейін Венесуэладағы жағдай шиеленісіп кеткен. Сол уақытта Ұлттық ассамблея бақылауындағы оппозицияны басқарған Хуан Гуайдо өзін үкімет басшысы ретінде жариялаған. Оған АҚШ-пен қоса алғанда 50-ден астам мемлекет қолдау көрсетті. Еуропалық одақ Гуайдоны елдің легитимді басшысы ретінде таныды. Ал Қытай мен Ресей билігі қазіргі президент Николас Мадуро үкіметіне сенім білдіріп, АҚШ және Еуропа елдерінің Венесуэла оппозициясына қолдау білдіруін «халықаралық құқықбұзушылық» деп атаған.