АҚШ пен Қытайдың сауда өкілдері бірнеше күн бұрын Вашингтонда сөйлесулерді қайта қолға алды. Екі ел арасындағы сауда дауы өршіп, экономикалық мүдделердің тіресі арта түсті. Осы тұста Қытай Иранға 400 млрд доллар көлеміндегі инвестиция салуға келісім берді. АҚШ пен Қытай, АҚШ пен Иран қайшылығы асқынып тұрған тұста бұл инвестиция шешімі сарапшылардың назарын аударды.

Қытай мен Иран арасындағы жан-жақты стратегиялық серіктестік құру 2016 жылдан басталды. Жақында Қытай Иранның мұнай химия, мұнай-газ, көлік және энергетика салаларына 400 млрд инвестиция салатынын жеткізді. Бұл қомақты қаржыны 25 жылға жоспарлаған.

Ал бұның керісінше, АҚШ Иранға қатаң санкциялар салуы мүмкін. Forbes басылымы бірнеше күн бұрын АҚШ Иранның мұнай саласына қатаң санкция салуы, тіпті Иран мұнайын сатып алатын шетелдік компанияларға да айыппұл салуы мүмкін екенін хабарлаған еді. АҚШ-тың бұл қадамы Иранға мол инвестиция салғалы отырған Қытайдың экономикасы үшін үлкен қауіп жаратады.

Егер, АҚШ шынында Иран қысымды арттыратын болса, нысанасына Иранның мұнай саласын алған болса, бұл Қытай инвестициясы үшін ауыр соққы болатыны сөзсіз. Оның үстіне АҚШ қысымы Иранның шетелдерден тартатын инвестициясына мүмкіндік бермеуі де мүмкін деп санайды сарапшылар.

Қазіргі АҚШ, Қытай, Сауд Арабиясы және Иран төрт ел арасындағы қарым-қатынасқа қарай отырып, жаңа жағдайды былай сараптауға болады. АҚШ пен Қытайдың Иранға қаратқан саясаты қайшылыққа бет алды. Қытай Сауд Арабиясының да Иранның да мұнайын сатып алады. Бұл Иранның осы салада Сауд Арабиясынан басымырақ түсуіне жағдай жасайды. Алайда, ендігі мәселе Қытай мен АҚШ арасындағы терең қайшылықта. Егер Бейжің Иранның өңірдегі стратегиялық саясаттарының қауіптілігін ескерсе бұл қадамға бармауы керек. Немесе, АҚШ пен Сауд Арабиясы Қытай-Иран ынтымақтастығын жүзеге асырмауға тырысуы мүмкін.

Бұл жағдайды салмақты мүдделердің жаңа қайшылығы деп атаса болады. Үйткені, өткен аптаның демалыс күндері Сауд Арабиясының мұнай саласына жасалған шабуыл әлемдегі ең ірі мұнай өндіруші елдің өндірісін 50 пайызға дейін қысқартып тастады. Уашингтон шабуылдың артында Теһранның тұрғанын айтты. Алайда, Иран бұл айыпты жоққа шығарды. Осымен Орта Шығыстағы қайшылық жаңа деңгейге көтерілді. Қазір Сауд Арабиясы мен Иран қайшылығы екі елге ғана емес, тұтас өңірге, асса әлемдік геосаяси тұрақтылыққа кері әсерін тигізе бастады. Енді міне бұл қайшылықты мүдде таластарына АҚШ пен Қытайдың державалар ретінде кіріге түсетіні байқалды. Бұл бір жағынан, Орта Шығыс қайшылы тереңдей түскенін аңғартады, тағы бір қырынан Қытайдың аталған аймақтағы ықпалының кеңейіп келе жатқанын байқатады.

 

“The Qazaq Times”