Алматы облысындағы Шамалған трагедиясынан екі күн бұрын елордада да қоғамдық көлік түрлерінің жол апаты орын алған.
Елордада 13 қыркүйек күні сағат 07:45 шамасында теміржолды қиып өтіп бара жатқан №53 бағдардағы автобус пен тепловоз соқтығысқан. «Astana LRT» ЖШС қоғаммен байланыс департаментінің басшысы Науат Азанбаева мәлімдеуінше, көлік апаты кезінде автобуста жолаушылар болмаған. Жол апатынан кейін автобус жүргізушісіне әкімшілік хаттама толтырылып, жұмысынан шеттетілген. ЖКО бойынша тексеру жүргізіліп жатыр.
Бір қызығы, осыдан үш күн бұрын орын алған жағдай БАҚ беттерінде кешегі Шамалған бекетіндегі қайғылы оқиғадан соң бүгін көптеп жариялануда.
Соңғы кездері елімізде қоғамдық көлік түрлеріне қатысты жол апаты фактілері жиілей түскен. Алдыңғы жылғы Шу станциясындағы темір жол апаты, жыл сайынғы жеңіл көліктер мен автобустардың қатысуымен болатын сан алуан қақтығыстар көбіне адам шығынына алып келеді. Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің деректеріне сүйенсек, Қазақстанда жыл сайын жол-көлік апатынан шамамен екі мыңнан астам адам қаза табады. Мәселен, 2017 жылы 17019 жол-көлік апаты тіркеліп, 22 256 адам жарақат алып, 2086 адам қайтыс болған. Ал, былтыр (2018 жылы) Қазақстанда 15 821 жол-көлік апаты тіркеліп, онда 20 445 адам жарақат алса, 2096 адам қаза тапқан.
The World Bank-тың мәліметінше, Қазақстанда 100 000 адамға шаққанда жол-көлік апатынан қаза табатындар саны 23,8 коэффициентті құрайды. Бұл көрсеткіш Еуропа елдерімен салыстырғанда әлдеқайда көп.
Естеріңізге сала кетсек, кеше кешкілік Алматы облысы Ақсеңгір-Шамалған станциясында пойыз бен автобус соқтығысып, бір адам қаза тапты. Ресми деректерге қарағанда, ауруханаға түскен үш жолаушының халі өте ауыр жағдайда. Төтенше жағдай орнында жүзге тарта тұрғын темір жолды жауып, ұзақ жылдар бойы айтылып келе жатқан көпір салу мәселесін шешуді талап етті. Ашынған бұқара "енжар" билікті айыптауда.