Қазір әлем тап болып отырған ең үлкен қауіптің бірі – жаһандық климаттың жылынуы. Биылғы жазда Еуропадағы аптап ыстықтан мыңдаған адам көз жұмды. Бір ғана Францияның өзінен 1500-ден астам адам қаза тапты.
Еуропадағы аптап ыстық маусым айының соңына қарай басталған. Ауа райын болжаушы мамандар Оңтүстік және Орталық Еуропадағы аптап ыстық Сахара шөлінен келетін ыстық ауа және жаһандық жылынудың әсері деп болжаған. Францияда маусым және шілде айларындағы ыстықтан ірі шаһар тұрғындары көбірек зардап шекті. Елдің Денсаулық сақтау министрлігі таратқан мәліметте, аптап ыстық 1500-ден аса адамның жанын жалмағаны айтылған. Дегенмен, 2003 жылы шыжыған ыстықтан қаза болғандар санынан 10 есеге аз.
Жаһандық климаттың жылынуы Гренландия аралдарындағы мұздықтарды ерітуде. Ғалымдар биылғы жазда Гренландиядағы мұздықтардың еруі рекордтық деңгейге жеткенін ескертуде. Мұздықтардың еруі Жер шарындағы теңіз деңгейлерін көтеріп, Бангладеш секілді теңіз деңгейінен сәл ғана биік орналасқан елдер үшін қауіп төндіреді. Ғалымдардың есебінде, Жер климатының жылынуы қазіргі қарқынмен жалғаса берсе алдағы 30 жылда әлемдегі 700 млн адамның мекенін су басады және ең ірі 10 қала су астында қалуы мүмкін.