Ресей президенті Владимир Путиннің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков өткен аптаның соңында АҚШ журналистерін қабылдағанда, Трамп үкіметінің Ресеймен бетпе-бет отырып, кеңінен кеңесуге құлықсыз екенін айтты. 12 наурыз күні АҚШ Кабельдік Жаңалықтар сайтының «Бүкіләлемдік Қоғамдық Форум» бөліміне берген сұхбатында Песков: « Ресей жақ АҚШ-Ресей екі тараптың жиі қарым-қатынас жасап, байланыстарды нығайтып, ынтымақтастықты жүзеге асыру үшін кездесу отырыстарын өткізуге ынталы. Себебі, екі ел қарым-қатынасында талайдан жалғасқан «Ұлы тоқырау» бар», – деді.
Дмитрий Песков сөзінде: « АҚШ, Ресей сынды елдердің екіжақты диалогтарға ниет танытпауы кешіруге келмейтін қателік. Әсіресе, қазіргідей әлемдік және өңірлік қайшылықтардың асқынып тұрған шағында», – деді. Бұл туралы Xinhuanet хабарлайды.
Қаңтардың 20-шы жаңасында АҚШ президенті болып, таққа отырған Трамп бірнеше рет Путиннің жеке басына қошаметтер мен алғысқа ұқсас лебіздер айтып, өзінің АҚШ-Ресей қарым-қатынасын жақсартуға ниетті екенін білдірген. Ақ үйдегі, Кремльдегі, өзге елдердегі саясаткерлерде Трамптың президенттікке келуі АҚШ пен Ресей арасындағы қатынастың жақсаруынан дерек береді деген көзқараста болды. Алайда екі жақты ресми кездесу отырыстары, ынтымақтастық келіссөздер болмады. Талайдан Уашингтонның саяси қадамдарын аңдып жатып алған Мәскеу, енді АҚШ-Ресей қатынасын жақсартуға ниетті екендіктерін айтып отыр.
Кремль Трамптың АҚШ-Ресей қарым-қатынасын жақсарту ниетіне президент Путин әлде қашан келісім берген деп отыр. Сонымен бірге өздерінің АҚШ-пен Сириядағы «Ислам мемлекеті» қатарлы экстремистік топтармен күресуде практикалық кеңейтілген ынтымақтастыққа қол жеткізгенін айтты. Бұл алдағы уақыттағы екі ел қатынасын жақсарту үшін көлденең тартқан кепілі болса керек. Алайда Песковтың ойынша екі алпауыттың ара қатынасын жақсартуда, АҚШ көбірек ұмтылыс жасау керек екен. АҚШ Орталық Барлау агенттіктерінің Ресей туралы шешімдері де екі ел арасына іріткі салып отыр деген ойын да жасырмады Песков.
Трамптың таққа келуімен АҚШ-Ресей қарым-қатынасы жақсарады деп күткендердің үміті барған сайын солғын тартты. Себебі, соңғы кездегі өңірлік және әлемдік қайшылықтарда екі елдің мүдделері теке-тіреске тағы түсті. НАТО мен Ресей армиясының бір-біріне дөң айбат танытуы, Украин, Шығыс Азия, Корей түбегі сынды өңірлік қайшылықтар екі елдің ынтымақтастыққа ұмтылыстарын жоққа шығарғалы отыр. «Келсең кел!» дейтін Кремльдің тосын босай қалып, АҚШ-қа жылы қабақ танытуы алдағы уақыттағы үлкен өзгерістердің барлығын білдірсе керек. АҚШ Ресейге қаратқан санкциясын алмаса, Ресейдің күні барған сайын қиындайтыны тағы бар.
“The Qazaq Times”