Бүгін танымал кәсіпкер, инвестор, қоғам белсендісі Марғұлан Сейсембаев өзінің инстаграм парақшасында құқық қорғау органдары тарапынан ескертулер ("қоқан-лоқы") алып жатқанын, өзіне қарсы жасанды айыптар тағылуы мүмкін екендігін мәлімдеді.

Әлеуметтік желіде белсенді, азаматтық қоғамның белді өкілі Марғұлан Қалиұлы жеке блог жүргізіп, жастарды кәсіпкерлікке баулу, тұлғалық даму, инвесторлық кейстер мен салауатты өмір сүру тәжірибелерімен бөлісіп, бизнес ағартушылықпен айналысып жүргеніне біршама жыл болды.

Ол әрқандай маңызды қоғамдық оқиғаларға, саяси жаңалықтарға қатысты өткір пікірлері мен жеке көзқарасын білдіріп отырады. Қазақстандық жастардың бейресми менторына айналған кәсіпкер-инвестор өз оқырмандарын «ақпараттық кеңістіктегі менің үнімді өшіру үшін арнайы ақпараттық шабуыл жасалмақшы» деген қаупімен құлақтандырды. Оның айтуынша, «сатымпаз блогерлер» мен «анонимді интернет көздері» әр кездері берген сұқбат-пікірлерін қиып-монтаждап, өзіне қарсы бағытталған «айыптаушы айғақтарды» белсенді түрде әзірлеуге кіріскен.

Тәуелсіз көзқарастағы кәсіпкер жазба соңында аудиториясынан өзіне «жиіркенішті әдіспен күресуде» көмектесуін, қолдауын сұраған. 112 мыңнан астам оқырманы бар білікті-интеллектуал бизнесменнің «Назар аударыңыздар! Сақ болыңыздар» тақырыбындағы аталмыш жазбасына екі сағат ішінде 5 мыңнан астам лайк басылып, сонымен қатар 400-ге тарта оқырман-аккаунт қолдау мәніндегі пікір білдірген.

Естеріңізге сала кетсек, М.Сейсембаев былтыр ақпан айында екінші рет елге «биліктің сенімді кепілдігі» арқылы оралған еді. «Альянс-Банктің» бұрынғы меншік иесі Марғұлан Сейсембаевты тергеу органдары БТА банкіне қатысты Е.Ерімбетовтің ісі бойынша жауап алуға шақырғаннан кейін елден кетіп, қайта келген.

Құзырлы органдардан қысым көріп жатқан Марғұлан Сейсембаевтың жеке парақшасынан қиып алынған скриншот. 3 қыркүйек 2019 жыл. Фото: @margulan_seissembai / instagram

Құзырлы органдардан қысым көріп жатқан Марғұлан Сейсембаевтың жеке парақшасынан қиып алынған скриншот (жалғасы). 3 қыркүйек 2019 жыл. Фото: @margulan_seissembai / instagram

"The Qazaq Times"