Кеше, тамыздың 26-сы ҚР президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың №133 жарлығы шығып, күллі түркі жұртының мақтанышы, «мұғалім сәни» (екінші ұстаз) атанған ғалым-философ Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдық (870-2020) мерейтойын мемлекеттік деңгейде атап өту туралы қаулы жариялады.
2020 жылы өтуі тиіс ауқымды шараға байланысты Қ.Тоқаев әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойына дайындалу және өткізу жөніндегі мемлекеттік комиссия құру туралы қаулыға қол қойды.
Қаулыға сәйкес, Білім және ғылым министрлігі Мемлекеттік комиссияның негізгі жұмыс органы болмақ. Үкімет мемлекеттік комиссияға 2019 жылдың 1 қазанына дейін мерейтойды өткізу жоспарының нобайын дайындап, ұсынуы тиіс. Ал комиссия жоспарды 2019 жылдың 1 қарашасына дейін бекітуі керек. Жоспардың жүзеге асырылуы президент әкімшілігіне жүктелген. Комиссия құрамына министрлер кабинетінің өкілдері, әкім-қаралар, ректорлар мен депутаттар, ТҮРКСОЙ директоры, «Егемен Қазақстан» төрағасы, Президент әкімшілігі, кинорежиссер Ахан Сатаев пен бір ғана фарабитанушы профессор Ақмарал Сырғақбаева енген. Бір қызығы, мүшелікте 85%-ы биліктің атқарушы мамандары, үйлестіру істеріне тек бір ғана өнер адамы, бір ғана фарабитанушы қатыстырылған.
Естеріңізге сала кетсек, осыдан елу жыл бұрын кеңестік және араб елдері ғалымдарының тартысында ғалым Ақжан әл-Машанидің табандылығы мен ғылыми ізденісінің арқасында әл-Фарабидің қазақ жерінен шыққандығын бұлтартпас айғақтармен дәлелденіп, 1100 жылдық мерейтойын атап өту Қазақстаннан басталған еді.
Шығыстың ғұлама ойшылы, әмбебап ғалым Әбу Насыр әл-Фараби 870 жылы бүгінде Отырар аталатын, Арыс өзенінің Сырға барып құятын сағасындағы Фараб қаласында дүниеге келген (қазіргі Оңтүстік Қазақстан облысындағы Отырар қаласының маңайындағы ортағасырлық қала). Отырардағы аса бай кітапханасында әл-Фараби парсы, грек тілдерін үйренеді, осы тілде ғылыми трактаттар оқыды. Фараб пен Бұқарада бастапқы білім алған соң әл-Фараби өз білімін жетілдіру мақсатында Бағдатқа аттанады. Білімге деген құштарлығының арқасында әл-Фараби сол уақыттағы ғылым мен білімнің ордасы саналған Дамаск, Халеб, Каир, Шаш, Самарқан, Бұхара, Мерв, Нишапур, Рей, Хамадан қалаларында да болып, білімін үнемі жетілдіріп отырған. Артынан 150-ге жуық философиялық және ғылыми трактаттар қалдырған әл-Фараби 950 жылдары Дамаскте дүние салған. «Кемеңгерлік меруерті», «Ізгі қала тұрғындарының көзқарасы», «Мәселелердің түп мазмұны», «Ғылымдардың шығуы», «Бақытқа жету», «Азаматтық саясат», «Мемлекеттік қайраткерлердің нақыл сөздері» сияқты көптеген сындарлы философиялық еңбектері әлі күнге дейін өз мәнін жоймаған.
Ендігі жылы елімізде әл-Фараби мерейтойымен бірге ақын Абай Құнанбайұлының 175 жылдығы да атап өтілмек.
ӘЛЕМ ҒАЛЫМДАРЫ ӘЛ-ФАРАБИ ЖАЙЛЫ
«Әл-Фараби Аристотельдің «Физикасын» – қырық рет, «Риторикасын» – екі жүз, «Жан туралы» атты кітабын – жүз рет оқыған екен. Неткен таңғаларлық еңбек!»
ГЕГЕЛЬ,
немістің ұлы философы
«Бүкіл мұсылман шығысының аса ұлы ойшылы Әл-Фараби өзінен бұрынғылар тек шет пұшпақтап айналасқан көп мәселелер бойынша аса зор жұмыс тындырды. Бұл кемеңгер адам грек философиясының ең терең қырларына дейін бойлап, байыбына жетті. Сондықтан да Шығыста философияны ғылыми зерттеуді шын мәнінде бастаушы кім дегенде, басқа ешкім де емес, тек соның есімі аталуы керек».
А. МЮЛЛЕР,
немістің Шығыс зерттеушісі
«....Сол белгісіз болып келген ойшыл-Шығыс философиясының атасы Әл-Фараби еді».
И.МАДКУР,
араб философы
«Сән-салтанат қауымынан аулақта және олардың көзіне түспей мұсылмандардың аса ұлы ойшылдарының бірі ӘлФараби өмір сүрді. Оның медицина мен музыка жайлы еңбектері ғибрат аларлық асқан үлгілер қатарына қосылады.Ал, араб философиясында сіңірген зор еңбегі оның заңғар есімін мәңгілік етті».
Х.А. ГИББ,
ағылшын арабисі
«Әл-Фараби көптеген сындарлы шығармалар туғызды. Фараби мұрасы ұшаң теңіз және сан алуан. Ол сол тұстағы бүкіл білім салаларын, этиканы, саясатты, психологияны, жаратылыстануды, музыканы оқып зерттеді!...
Әл-Фараби тамаша матиматик болып, сол тұсатғы теориялық медицинаның бүкіл қырларын жетік меңгерді. Ол музыка теориясы жөнінен көп еңбектер жазды. Композитор ретінде кеңінен мәшһүр болды, жаңа музыкалық аспап шығарды».
Е.Э. БЕРТЕЛЬС,
көрнекті Шығыс зерттеушісі
«Әл-Фараби тек Аристотельдің үлкен білгірі ғана болған жоқ, ол орта ғасырлық ой пікірге аса жақын, әрі аса қажетті іс- аристотелизімді неоплатонизммен байланыстыруды жүзеге асырды».
Н.И. КОНРАД,
көрнекті Шығыс зерттеушісі
«Ортағасырлық ғылым таарихында өзінің ауқымды ғылыми жұмыстары, терең әрі жан-жақты энциклопедиялық білімі жөнінен Әл-Фарабимен теңдесе алатын ғалымды табу қиын»
П.Н. ФЕДОСЕЕВ,
атақты орыс ғалымы
«Әл-Фарабидің өзінен кейінгі мәдениеттің дамуына, әсіресе Шығыс Орталық Азия, Қазақстан, Кавказ халықтарының мәдениеттеріне әсері жан-жақты әрі ұзақ болған еді».
Б.Ғ. ҒАФУРОВ,
көрнекті Шығыс зерттеушісі
ӘЛ-ФАРАБИ АЙТҚАН ЕКЕН...
Белгілі ғалым, этнограф А. Сейдімбек құрастырған тарихи тұлға, асқан оқымысты әл-Фараби бабамыздың тапқыр сөздерін назарларыңызға ұсынамыз.
Бір күні әлде кім Әбу Наср әл-Фарабиге тамаша болып толыса піскен алманы көрсетіп, сауал қойыпты: «Осы алманың бітім-болмысындағы жақсы қасиет не? Түсі ме, шырыны ма, дәмі ме, әлде бітімі ме?» Сонда әл-Фараби: «Бәрінен де оның ұрығы тамаша. Өйткені, осы алманың өзі сол ұрықтан өсіп шыққан және одан бүкіл бақ пайда болды ғой!» – деп жауап берген екен.
* * *
Тарихшы Мұхаммед Хусайни еңбегінде Фараби өміріне қатысты мынадай бір қызық жайды баяндайды. Әл-Фараби бірде Дамаскідегі (Сирия) шығыс базарын аралап келе жатып, терлеп-тепшіп етік тазалап отырған балаға көзі түседі.
– Балақан, осынша қиналып, маңдай теріңді төккенде күніне қанша дирхам (ақша) табасың? – дейді Фараби. Сонда бала:
– Екі-ақ дирхам, – дейді мұңайып. Ұлы ғалым баланы аяп кетеді де, өзіне күн сайын Сайф ад-Даула жіберіп тұратын төрт дирхамды береді. Кейінірек сол бала Фарабидің ең жақсы шәкірттерінің бірі болған екен.
* * *
Әл-Фараби Бағдатқа келгенде оған Халифа Мұқтадид ибн-Муаффак әл-Биллах (892-902) былай деп сұрақ қояды:
– Осы сені оқудың түбіне жетіпті деп естідім, сонда сен көп білесің бе, әлде Аристотель көп біле ме? Сонда әл-Фараби:
− Егер мен оның заманында өмір сүрген болсам, шүбәсіз оның үздік шәкірттерінің бірі болған болар едім, – деп жауап берген екен.
* * *
Ғылымның мәні туралы әңгіме өрбіген бір отырыста әл-Фарабиге «Данышпан кім?» деген сұрақ қойылыпты. Сонда әл-Фараби:
– «Данышпан кім?» деген сұраққа мен алдындағы өмірін ұмытпаған кісі деп жауап берер едім. Менің алдым – тұңғиық. Бүгін халифаның қадірменді қонағы ретінде төрдемін. Егер сынықтан сылтау шықса, ертең көрдемін ғой. Ғылым мен сопылық біріне бірі қарама-қарсы нәрсе. Ғылым – шындық, сопылық – сұмдық. Бұл – ақиқат, – деген екен. Бұл кез Бағдат халифасы Мұттақидан әл-Фарабидің зәбір көріп, қуғынға түсіп, бас сауғалап жүрген кезі болса керек.
* * *
Жолы түсіп, туған жері Отырарға қайта оралған бір шақта әл-Фараби төңірегіне ел балаларын жинап, оларды оқытуды ниет етеді. Кешікпей-ақ, ғұлама жерлесінің алдын көруге жиналған шәкірттердің саны көбейе түседі. Сондай күндердің бірінде бір жас бала сабаққа келгенде, оның атын сұраса, айтпайды. Жас шәкірт екі қолын көкірегіне басып, тағзым етіп тұрып былай дейді:
– О, қадірлі ұстазым, өз есімімді өзім атай алмауыма мен жазықты емеспін. Ата-анам біле тұра маған сіз сияқты ұлы адамның атын қойыпты. Осы атым үшін талай рет опық жедім. Біреулер – қандай жақсы есім, Екінші ұстазға ұқсасаң игі десе, енді біреулер – қорашыл төбетті бөрбасар атаса да тазы болмас деп, мазақ етеді.
– Жақсы, балам, есімің Әбу-Наср екен, одан әрі қалай еді? – деп сұрайды Фараби.
– Осыған Исмаил Хаммедұлы дегенді қоссаңыз болады.
– Дұрыс, – дейді Фараби, – Әбу Наср Исмаил бин Хаммед. Бір Әбу-Наср оқытты, екінші Әбу-Наср оқыды, онда тұрған не бар. Бір Жауһариден (Ғаббас бин Саид әл-Жауһари Отырардан Бағдатқа барған математик, астроном, Бәйт ел-Хикметте профессор болған) оқыдым, екінші жауһариді оқыттым деп, мен де айтып жүрейін. Өмірің ұзақ болғай! Балам, Ғаббас Жауһаримен қандай жақындығың бар?
– Ол кісі бабаммен – туажат екен, әкеммен – жүрежат, менімен – тумайжат болады. Біздің арғы бабаларымыз – аталас, тіптен, құлажат – бір ауыл екенбіз. Жазғы жайлауымыз бір, тайпамыз – қаңлы. Неге екенін білмеймін, көбінесе қыпшақ дейтінін естіп жүрмін, − депті шәкірт бала. Әл-Фарабиден оқыған осы бала кейін көрнекті ғалым болады. Бағдатта ұстаздық етіп, «Сыхақ фи-л-лұғат» деген кітап жазады. Осы еңбегі араб тілінің көптеген кейінгі сөздіктеріне негіз болады. Әбу-Наср Исмаил бин Хаммед әл-Жаһари (937-1003 жылдар шамасы) өз заманының белгілі қайраткері де болған.
* * *
Бағдат халифасы Харун әл-Рашид ақындық өнер сайысы мен оқымыстылардың ой өрелестіруін мейлінше жақсы көрген адам екен. Көптеген ел басқарушылар ұлы халифаға еліктеп өткен. Бірде әл-Рашид сарайында әдеттегідей ой мен өнерсүйер қауымның бас қосуы болып жатады. Бұл қосу рәсімін ең құрметті орынға жайғасқан сұлтан Сейф әл-Дәулет басқарып отырса керек. Бір кезде хабаршы аяғының ұшымен басып жақындап келеді де, сарайға Мұхаммед әл-Фарабидің келіп тұрғанын хабарлайды.
– Есімі таныс қой, данышпанды кіргізіңдер! – деп әмір береді сұлтан. Әбу-Наср әл-Фараби залға тәжім етпестен кіргенде жиналған жұрт дағдарып қалады.
– Келіп отыруыңызды өтінемін, – дейді сұлтан. – О, ұлы әмірші, қай жерге отырайын? – дейді әл-Фараби.
– Мұнда әркім өзіне лайық орынға отырады, – деп тіл қатады сұлтан. Мұхаммед әл-Фараби сұлтанға жақындап келіп, оның әрірек ығысуын өтініпті. Әміршінің сақшылары тіксініп қалады. Сұлтан қонағына орнын босатып береді де, қызметшілерін тыныштандырып, сарайдың құпия тілінде былай дейді:
– Егер бұл шынымен-ақ ұлы ғұлама болса, кешірім жасайық. Олай болмай шықса жазасын тартады. Сабыр сақтаңдар! Сонда Мұхаммед әл-Фараби жымиып күледі де:
– Айтқаныңыз жөн, әміршім, сабырлылық әрқашан да данышпандар мен құдіреттілердің үлесіне тиген, – деп, жаңағы құпия тілде жауап қатады.
– Сіз бұл құпия сарай тілін қайдан білесіз? – деп таңырқайды сұлтан.
– Мен жеті тіл білемін, – дейді Мұхаммед әл-Фараби.
– О, сөздің қадірін білетін ұстазым, онда сөз басы сізде болсын, құлағымыз сізде! – деген екен сұлтан Сейф әл-Дәулет.
* * *
Туған жерден шалғайға жүріп, бар өмірін ғылым-білімге сарп еткен әл-Фараби қартайған шағында өз елінің керуен-кіре тартып жүрген адамдарын кездестіріп қатты толқиды. Ел-жұрттың хал-жағдайын тәптіштеп сұрап, көңіл орнықтырған соң, қоштасарда өзінің жан серігі – «қыпшақ» деп аталатын домбырасының бетіне: «Айналайын атам қыпшақ, Туған жерім сағындым. Өз атыңа, үрметіңе Қайда жүрсем табындым!» – деп жазып, туған жері мен еліне сәлемдеме белгі ретінде беріп жіберген екен дейді.
* * *
Бір жолы әмір сарайында әкімдер, ғалымдар мен өнерпаздар бас қосқан сыр-сұхбат кеші өтіп жатса керек. Осы кешке жұпынылау киінген әл-Фараби тап болады да, елеусіз ғана бір шеттен орын алады. Небір тапқыр сөз сайыстары болып, небір арқалы өнер түрлері дебеле қоздырған кезде жиынды басқарушы:
– Қонақтың қандай өнері бар екен? – деп әл-Фарабиге тіл қатады. Сонда әл-Фараби өзі жасаған «Қыпшақ» деп аталатын домбырасын қоржынынан алып, құлағын күйлеп тарта жөнеледі. Алғашқыда ортекедей ойнақтаған ерке күй жиналған жұрттың бәрін күлдіріп, еліктіріп әкеткендей болады. Мұнан әрі домбырасын басқаша күйлеп, сұңқылдата зарлатқанда тыңдаушы қауымның әрқайсысы өз басындағы қайғы-мұңмен қауышқандай, көздеріне жас алыпты дейді. Келесі бір тыныста, қыпшақ-домбыраның құлақ күйі қоңыр сазға ауысып, жанға рахат үнмен бесіктей тербегенде тыңдаушылар маужырап, қалғи бастайды. Сол кезде «Бұл күйлерді тартқан – қыпшақ әл-Фараби» деп бір парақ қағазға жазыпты да, әл-Фараби сарайдан шығып жүре берген екен дейді.
* * *
Шығыс әмірлерінің бірі әл-Фарабиді сарайына арнайы шақырып, мынандай сауал қояды:
– Уа, Екінші ұстаз, менің мемлекетімнің болашағы қандай күйде болмақ? Болжалыңды естігім келеді, − дейді. Сонда әл-Фараби:
– Еліңнің болашағын білгің келсе, маған жастарыңды көрсет, сонсоң айтып берейін, − деген екен.