Қырғызстанның бұрынғы президенті Алмазбек Атамбаев Ресей президенті Владимир Путинмен кездескеннен кейін ресми мәлімдеме жасады.
Атамбаевтың Инстаграмдағы парақшасы мен өзге де сайттарда жарияланған мәлімдемеде елдегі түрлі мәселе бойынша орын алып отырған мәселелер, келіспеушіліктерді шешу үшін қос тарап та өз үлесін қосуы керек екені айтылған. Саясаткер сөзінде: «Ресей Қырғызстанның досы әрі стратегиялық әріптесі екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. Алайда елдің ішкі мәселелерін біз өзіміз шешеміз. Билік сотта істі қараған кезде әділдік танытуы керек. Қарсыластарды саяси қудалауды тоқтатқан дұрыс. Жээнбеков тарапынан осындай қадамды көрген кезде оппозицияның күн тәртібі бірден өзгереді. Жээнбековтың ел игілігі үшін жұмыс істей бастағанын және оппозицияның сайлауға дайындалып жатқанын көрген кезде ғана халық тыныштанады. Саяси тұрақтылық орнайды. Біз билік тарапынан нақты іс-әрекетті қыркүйекке дейін күтеміз», – деді.
Сонымен қатар, кездесуден кейін еліне оралған Атамбаев Қазақстанмен болған дауға да қатысты пікір білдірген. Бұрынғы президенттің сөзінше, Қырғызстан президенттігіне кандидат болған Омурбек Бабановтың 2017 жылы Қазақстанға сапарлап баруы мен өзінің Мәскеуде Путинмен кездесуін салыстыруға болмайды. «Біріншіден, мен президент сайлауына түсіп жатқан жоқпын. Сайлау науқаны жүріп жатқан жоқ. Омурбек Токтогулулы көрші елге барып, (Нұрсұлтан Назарбаевтың) разылығын алып келді. Сұрағаны разылық қана емес шығар. Қазақстанның жасағаны да дұрыс емес деп ойлаймын. Бөтен елдің сайлауына араласпау керек», – деді Атамбаев.
24 шілдеде Қырғызстанның бұрынғы президенті Алмазбек Атамбаев «достарымен кездесу» үшін Канттағы Ресей әуе базасынан Мәскеуге ұшып кеткен болатын. бұған байланысты Қырғыз Республикасы Ішкі істер министрлігі елдің бұрынғы президенті Алмазбек Атамбаевтың елден шығуына және елге келуіне тыйым салынбайды деп хабарлаған.
12 маусымда Жоғары Кеңес депутаты Қанатбек Исаев «Алмазбек Атамбаевты тиіспеушілік мәртебесінен айыру» жөнінде бастама көтерген. Ал 13-ші маусымда осы мәселеге байланысты арнайы комиссия құрылды. Жоғары Кеңестің Алмазбек Атамбаевты тиіспеушілік мәртебесінен айыруға байланысты құрылған арнайы комиссиясы экс-президентке 9 пункт бойынша айып тақты. Қырғызстан ІІМ тергеу тобы жауап алу мақсатында Атамбаевты үш рет шақырған. Дегенмен, үшеуіне де бармаған экс-президент Конституциялық палатаға талап жолдады.