Министр қауіпсіздік сертификатына байланысты мәлімдеме жасады.
Цифрлық даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев қауіпсіздік сертификатына байланысты журналистер сұрағына жауап берді.
«Ғаламторда заңға қайшы контент пен киберқауіп бар. Қауіпсіздік сертификаты солардан қорғайды. Заңға қайшы контент дегеніміз, суицидті, экстремистік және террорлық ақпараттарды насихаттайтын сайттар. Оған қоса фишинг және вирус тарататын сайттар бар», - деді министр.
Өткен аптада қазақстандықтар ұялы байланыс операторларынан қауіпсіздік сертификатын орнатуды ұсынған хабарлама ала бастаған. Операторлар мұны «кибер шабуылды алдын алу шарасы» деп атайды. Қолданушылар билік ұсынған бұл сертификатты сынап жатыр. Олар «билік осы сертификат арқылы әркімнің жеке ақпаратын бақылап отырғысы келеді» деп топшылайды.