Алматыдағы Адам құқықтары мен заңдылықты сақтау жөніндегі халықаралық бюрода Азаттық радиосы мен ҚазТАГ агенттігінің журналистеріне жасалған шабуылға байланысты баспасөз мәслихаты өтті.

Жиынға саясаткер Балташ Тұрсымбаев, Рысбек Сәрсенбай, журналист Ермұрат Бапи және Қазақстандағы адам құқықтары мен заңдылықты сақтау халықаралық бюросының директоры Евгений Жовтис қатысты.

Евгений Жовтистің сөзінше, журналистер мен бюро қызметкерлеріне шабуыл жасаған адамдардың артында билік өкілдері тұр және бұл жақсылыққа апармайды.

Саясаткер Балташ Тұрсымбаевтың ойынша, шабуыл жасаған әйелдер арнайы дайындалған Назарбаев пен Тоқаевтың "жазалаушы жасағы".

"Бұны билік дайындаған. Екі күн өтті ешкім ешнәрсе жасаған жоқ. Назарбаев пен Тоқаевтың басқаруындағы қоғам қайда кетіп барады? Халықты бір-біріне айдап салу арқылы азаматтық соғысқа бара жатыр ма?.. Халықты Солтүстік Кореяда, Түркіменстанда қорқытуға болады. Бірақ Қазақстанда халықты қорқыта алмайсың... "Жазалаушы әйелдер жасағы" өзінікін жасады. Қазір олар бір жерде демалып жатқан шығар?" - деп мәлімдеді Тұрсымбаев.

"Бұл биліктен ұят кетті. Бұрын еркектерді пайдаланушы еді, қазір әйелдерді пайдалануда. Әйелдердің артына тығылуда. Бұл сөзсіз ұйымдастырылған нәрсе. Меніңше, бұны жасап отырған Тұрғымбаев басқаратын ІІМ. Министр бұны "екі жақтың дауласуы" деп отыр. Демек, олар бұны өздері жасап отыр" - деді Рысбек Сәрсенбай.

Ермұрат Бапидің пікірінше, бұл бассыздықтың артында Тұрғымбаев қана тұрған жоқ. Оның артында "қарақшы" билік тұр.

"Кеше Азаттық пен ҚазТАГ журналистеріне шабуыл жасалса, ертең өзге журналистер мен қазақ қоғамына шабуыл жасалады. Украинада "жасыл адамдар" пайда болса, бізде қара ниетті "қара адамдар" пайда болуда. Министр өзінің жазасыз қалатынын біледі. Себебі оның артында Назарбаевтың жүйесі тұр" - деп есептейді Бапи.

Естеріңізге салайық, осыдан бірнеше күн бұрын Алматы қаласында Азаттық радиосы, ҚазТАГ және Алматы арнасына белгісіз әйелдер шабуыл жасаған. Кейіннен бірнеше әйел әлеуметтік желі арқылы журналистерден кешірім сұрады

"The Qazaq Times"