Ресей өндіретін S-400 зымыран қорғаныс жүйесі Түркияға жеткізіле бастады. Әуе қорғаныс жүйесінің алғашқылары бір күн бұрын Анкарадағы «Мүртед» әуе базасына жеткізілді.

Түркия Қорғаныс министрлігінің хабарлауынша, 12 шілде күні S-400 әуе қорғаныс жүйесінің құрылғыларының алғашқылары түрік жеріне жеткізілді. Бұларға қоса ресейлік мамандар мен жұмыс тобы да Түркияға барып, қорғаныс жүйесін орнату жұмыстарына қолғабыс етеді және алғашқы сынақ процестерінен өткізеді.

Түркия мен Ресей арасында S-400 әуе қорғаныс жүйесін сатып алу және сатып беру туралы келісімге 2017 жылы 11 сәуір күні қол қойған болатын. Анкара, ресейлік қорғаныс құрылғысын сатып алу туралы шешімін жария еткеннен тартып, НАТО және АҚШ-Түркия арасында талас-тартыс туылған. Содан бері АҚШ пен Түркия арасында кірбеңдік әлі жазылған жоқ.

Түркия СІМ басшысы Мевлүт Шавушоғлу бұл туралы мәлімдемесінде: «Келісім бойынша қабылдау процесі басталды. Жалпы процесс келісім бойынша тоқтаусыз жалғасады», – деді.

АҚШ Түркияны Ресей техникасын сатып алу ниетінен қайтару үшін бірқатар шараларға барып көрді. Бірақ, бұл мәселеде Анкара алған бетінен қайтпады десе де болады. Ендігі мәселе – Анадолы жұртында құрыған Ресей қорғаныс техникасы мен АҚШ және НАТО күштері арасындағы болуы мүмкін кикілжіңдер. АҚШ бұған дейін ресейлік қорғаныс жүйесі НАТО пайдаланатын еуропалық және америкалық әскери техникаларға кедергі келтіреді деп келген еді. Демек, S-400 жүйесінің Түркияға орналаса салуымен АҚШ-Түркия арасындағы дау-дамай аяқталмайтыны анық.

“The Qazaq Times”