Британияға тиесілі мұнай тасымал кемесі Ормуз бұғазында Иран әскери кемесінің тосқауылына ұшыраған. Бұл туралы Британия ресми мәлімдеме таратты.

Британияның мәлімдеуінше, Иран теңіз күштеріне тиесілі 3 катер Британияға тиесілі мұнай кемесін тосуға әрекет еткен. Алайда, мұнай кемелерін қорғап жүрген HMS Montrose әскери кемесі жетіп келіп, ирандық катерлер кейін шегінген.

Бұдан бір апта бұрын Гибралтар жағалауында Иран мұнай танкерін Британия теңіз күштері ұстаған болатын. Оған Сүрияға салынған халықаралық санкцияны бұзбақ болды деген айып тағылған еді.

Дегенмен, Иранның ресми ақпарат агенттігі Ормуз бұғазындағы оқиғаға Ислам революциясы сақшылар корпусының еш қатысы жоқ дегенді айтқан. Ал, Иран СІМ тарабы: «Бұның бәрі қайшылықты өршіту үшін жасалған. Сондықтан, бұл мәлімдеме негізсіз», – деген.

Қазір АҚШ-Иран қайшылығы өршіп, Орта-Шығыс, әсіресе Парсы шығанағындағы қауіпсіздік мәселесіне қатер артып келеді. Иранның саясатына наразы АҚШ қысымы азаятын емес, керісінше, санкция салмағын арттырып отыр. Иранға бағытталған қысымға соңғы кездері Британияның да қосылғаны байқалады. Ал, келісімге қол қойған өзге екі еуропалық елдер (Франция мен Германия) үнсіздік танытып отыр. Жағдай жалғаса берсе, Ормуз бұғазына жақын маңда қалайда кемелер арасында қақтығыстың болуы әбден мүмкін.

“The Qazaq Times”