12 маусымда жаңадан сайланған президент Қасым-Жомарт Тоқаевты ұлықтау рәсімі өтті. Шетелдік БАҚ та атаулы шараның асығыс өткізілгеніне назар аударуда. Сайлау қорытындысы туралы ЕҚЫҰ-ның пікірі де кәперге алынған жоқ. Қалай десек те Қазақстан Республикасының тарихында 2-ші президент өзінің лауазымды қызметіне кірісіп кетті, Тоқаев дәуірі басталды. Осы орайда бірқатар шетелдік ақпарат құралдары президент Тоқаевтың алдында тұрған басты міндеттер мен қиын сындары туралы талдап көрген. 

BBC Тоқаевтың президент ретінде шешуге тиісті 5 үлкен проблема туралы атаған.

Билік пен халық арасындағы диалог орнату 

Көптеген отандық және шетелдік эксперттер Қазақстанда жаңаруға ұмтылған және билікке наразы топтардың белсенділігі артқанына баса назар аударады. Бірақ, бұндай наразылық жалпы халықтық деңгейге көтеріле қоймағанын айтады. Сайлау кезіндегі наразылық шараларына билік қатаң реакция танытқаны да шетелдік БАҚ-тың назарында. Наразылық шарасы күшпен басылып, ондаған адамның ұсталуы, қарсылығын білдірген халыққа қатаң позицияда болуы қазақ билігінің қоғамдық қолдауға сенбеген, күмәнданған жағдайынан хабар береді деп қарайды. Наразылық шараларына қарсы қатаң реакцияның билік үшін қауіпті екенін ескертеді, бұл қарсылықтың жаңа отын жағып, шынайы оппозицияның қалыптасуына итермелейтінін алға тартады.

Естеріңізде болса, бұл туралы елімізге белгілі саясаттанушы Досым Сатпаев та құнды пікірін ортаға салған болатын. Ол күштік құрылымдарға көбірек сүйену биліктің өзіне де жаңа қатер болатынын, күштік құрылымдардың рөлінің жоғарлауы олардың биліктегі ықпалды топқа айналдырып жіберуі мүмкін екенін айтқан еді. Бұдан тыс, биліктің күштік құрылымдарды қолдана беруі халық пен үкімет арасындағы диалог орайын барған сайын азайтып бара жатқаны көпшілікке аян. Халық пен билік арасында вакуум пайда болуы тәуелсіздік пен ұлттық қауіпсіздік үшін аса қауіпті.

Осыларға қарай отырып, президенттің көз алдағы басты проблемасы халық пен билік арасындағы түсінбестікті жойып, диалогқа қол жеткізу.

Әлеуметтік дағдарыстың алдын алу

Жыл басынан бері көпбалалы аналар наразылығы, әлеуметтік жағдайдың нашарлауынан ел ішіндегі наразылық деңгейінің артуы да президент Тоқаевқа ауыр міндет жүктеп отыр. Бұл туралы президент бұған дейін де бірқатар мәлімдеме жасағаны белгілі. Ол ең негізгі бағыт ішкі саясат және әлеуметтік мәселелерді шешу екенін атап көрсеткен. Сондай-ақ, жаңа президенті ұлықтау кезінде салық жүйесін қайта қарау, орта-шағын бизнеске жеңілдік беру және денсаулық сақтау салаларын реформалау туралы уәдесін де берген.

Дегенмен, шетелдік БАҚ ішкі саясат пен жүйелі мәселелерді шешу бұрынғы дай Н. Назарбаевтың қолында болатынын растайды. Сондай-ақ, Тоқаевты бақылап тұруға "отбасының" басқа мүшелерінің де мүмкіндігі бар екенін жазады. Бұларға қарай отырып, Тоқаевтың өз алдына саясат жүргізуі күмәнді дейді шетелдік сарапшылар.

Олар Қазақстан мен Өзбекстандағы билік транзитінің үлкен айырмашылықтары бар екенін атап көрсетеді. Қазақстанның саяси өмірінде алғашқы билік иесі мен оның кланы терең тамыр жайғаны басты айырмашылық ретінде көрсетіледі.

Экономиканы ретке салу

Шетелдік сарапшылар Қазақстан экономикасы қарқынды құлдырап бара жатыр деп есептемейді. Бірақ, экономиканың барлық саласында өсімнің тоқтап қалғанын растайды. Жаңа президенттің алдағы басты міндетінің бірі – экономикалық, қоғамдық бағдарламаларды жүзеге асыру үшін қаражат табу. Ең негізгі сауда әріптестері ЕО, Қытай және Ресей арасындағы келісімдерде балансты сақтап отыру аса маңызды деп атайды. Сол арқылы елдегі әлеуметтік жағдайды дағдарысқа жібермеу.

Экономикадағы Ресейге болған кіріптарлық жаңа президенттің жұмысына үлкен кедергілердің бірі ретінде аталған. Еуразиялық экономикалық одақ туралы қанша жағымды сөздер айтылғанымен, бес жылдан бері бұл одақтан Қазақстанға келіп жатқан игілік байқалмайды. Қазақстан табиғи ресурстарға сүйеніп отырған тұста шикізат бағасына ел экономикасы көбірек тәуелді екенін алға тартқан.

Ресеймен мәміле

Ресейлік және өзге де шетелдік сарапшылар бұл жағында Тоқаевтың артықшылықтарға ие екенін айтады. Бұған дейін Мәскеу  Назарбаевтан кейінгі Қазақстанның бағыты туралы алаңдап келгені белгілі. Мәскеу жаңа президенті "өз адамы" ретінде қабыл алары сөзсіз. Себебі, Тоқаев Ресей билігі үшін бейтаныс емес, қазақшасынан көрі орысшасы жаттық Тоқаев Кремльдің жылы қабылдауына ие. Оның үстіне Қауіпсіздік кеңес әлі де Назарбаевтың қолында болғандықтан Ресей Қазақстан билігінің өзіне деген көзқарасы өзгеріп кетеді деп алаңдамайды. Тоқаевтың президент болуы Мәскеуді кемінде бірнеше жылға дейін оңтүстіктегі ең ұзын шекарасынан  алаңсыз болуына мүмкіндік берді деп санайды. Сондай бола тұрса да, 2014 жылдан бері қарай Қазақстанда Ресейге деген көзқарастың біртіндеп өзгеріп келе жатқанын еске ұстау керек деп қарайды.

Қытайменен мәміле

Шетел сарапшыларының пікірінше, Қытай үшін Қазақстан президентінің кім болуы аса маңызды емес, тек Қытайдың экономикалық мүдделері зардап шекпесе болғаны. Себебі, Қытайдың сыртқы саясаты көбінде ұзақ мерзімдік экономикалық ынтымақтастыққа көбірек сүйенеді.

Саясаттанушы Аркадий Дубнов бір пікрінде: "Орталық Азия елдері үшін қауіпсіздікті Ресей қамтамасыз етіп, экономикалық шарттарды Қытай толықтайды" деген жазылмаған заң бар, – деген. Дегенмен, бұл екі державаға Орта Азия халықтарының сенімсіздігі жылдан-жылға артып келе жатқанын ескеру керек деп қарайды. Айталық, антиқытайлық көзқарас Қазақстан, Қырғызстан секілді елдерде қалыптасып келеді.

Ал, АҚШ пен Қытай арасындағы сауда соғысы Қазақстан билігінің Қытаймен қарым-қатынаста аяқты аңдып басуға итермелеп жатқаны бар. Мәскеу, Бейжің және Уашингтонмен теңдей мәміле ұстану Қазақстан сыртқы саясатының ең басты бағыты болып келеді. Шетелдік эксперттер, бұл бағытқа әлі де бұрынғы президент кепіл бола тұрады деп қарайды.

“The Qazaq Times”