Бішкектің Бірінші май аудандық сотында елдің бұрынғы бас прокуроры Аида Саляноваға қатысты бұлтартпау шарасы қаралып, ол 26 маусымға дейін қамауға алынды. Сотқа адвокатынан басқа ешкім кіргізілмеді.
Оның адвокаты Рабиға Сыдыкова соттан кәмелетке толмаған екі баласы барын ескеріп, тергеу абақтысына жаппауын сұраған.
Сыдыкованың айтуынша, экс-бас прокурорға коррупция бабымен іс қозғалған.
3 маусымда ІІМ Аида Салянованы қылмыс әлемінің белсендісі Азиз Батукаевтің мерзімінен бұрын түрмеден шығуына байланысты тергеуге шақырған.
2013 жылдың сәуір айында Нарын қалалық соты дәрігерлердің "айықпас дертпен ауырады" деген анықтамасы негізінде Азиз Батукаевті мерзімінен бұрын бостандыққа шығару жөнінде шешім қабылдаған. Босатылған күні ол шетелге қашып кеткен.