Соңғы күндері Сербия мен Косово арасындағы жанжал ушыға түскен. Косовода ондаған серб тұтқынға алынғаннан кейін Сербия президенті Александр Вучич әскерге кез келген қақтығысқа дайын болуға бұйрық берді. 

Associated Press агенттігінің хабарлауынша, осы аптада Косовода қызмет ететін серб полицейлері мен бірнеше бейбіт тұрғын темір торға қамалған. Жаталған жайттан соң, жергілікті телеарналардың біріне сұхбат берген Александр Вучич Косовоны бұдан әрі бақылауда ұстау мүмкін емес және Сербия тарапы қақтығысқа сақадай сай тұруы қажет деп мәлімдеген. Вучич сөзінде: «Косово мен Метохияға қатысты мәселенің шешілер түрі жоқ, тіпті бұған қатысты диалог қозғалмады. Мұны албандықтармен келісімге келудің маңызын ескерту үшін айтып отырмын. Албандықтармен келісім орнатылмаса, олар шабуылға көшуі мүмкін», – деді. Ал Косово президенті Хашим Тачи: «АҚШ-тың қатысуынсыз Сербиямен ешбір келіссөз жүргізе алмаймыз. Өйткені бұл мәселеде Еуропаның да ойы бір жерден шықпай жатыр. Ұстанымдары әр қилы Еуропа елдері алдымен өздері ортақ шешімге келуі тиіс. Содан кейін ғана Батыс Балқандағы түйткілді шешуге көмектесе алады», – дейді.

Ресми түрде мойындалмаған Косовоның арнайы жасағы сербтер тұратын солтүстіктегі аймаққа басып кіріп, атыс ұйымдастырған. Тасс агенттігінің мәліметі бойынша, атыс кезінде екі серб жарақат алып, 23 адам тұтқынға алынды. Косовоға қарасты Митровица қаласының солтүстігінде этникалық сербтер шоғырланғандықтан, Сербия президенті Александр Вучич үкіметте шұғыл жиын ұйымдастырып, әскерді төтенше жағдайға дайын болуға шақырды. НАТО-ға қарасты халықаралық миссия өкілдері бұл операцияның ұлтараздыққа еш қатысы жоқ дейді. Миссияның баспасөз хатшысы Косовоның тәртіп сақшылары жемқорлыққа қарсы шараны іске асырып жатыр дейді. Осы ретте Косово мен Метохиядағы НАТО-ға қарасты халықаралық миссияның баспасөз хатшысы Винченцо Грасо: «Косово полициясы солтүстікте ғана емес, тұтас Косовода операциясын жүргізіп жатыр. Бұл шараны сербтерге қарсы ұйымдастырылды деу – қате. Ол – қылмысқа қатысы бар адамдарға қарсы өткізіліп жатқан операция. Жағдайды бақылауымызда ұстап отырмыз. Приштина әкімшілігімен де, Сербия тарапымен де байланыстамыз», – деп хабарлады. Тұтқындағылардың қатарында БҰҰ миссиясының Косоводағы уақытша әкімшілік ісі жөніндегі қызметкері, ресейлік азаматтың бар екендігі мәлім болғаннан кейін, Ресей тарапы оны дереу босатуды талап етіп отыр.

Этникалық албандардың сербиялық қарулы күштердің қолынан қаза табу жағдайы көбейіп кетіп, НАТО 1999 жылы 11 апта бойы балқан елін бомбалағаннан кейін Косово Сербиядан бөлініп шықты. Он жылға созылған соғыс нәтижесінде Сербияның Косово және Метохия автономдық аймағы 2008 жылы өзінің тәуелсіздігін жариялады. 2010 жылы БҰҰ-ның халықаралық соты оны дербес мемлекет ретінде таныды. Дегенмен, 60-тан астам мемлекет Косовоны тәуелсіз ел ретінде әлі күнге дейін мойындаған жоқ. Былтыр қарашада Косово кедендік тауар салығын 100%-ға өсіріп, дауды одан ары ушықтыра түскен. Сербия билігі Косово салық жүйесінен бас тартпайынша, ешқандай келіссөз жүргізбейтінін ескертті.

Екі елдің ара қатынасын жіті назарға ұстаған Ангела Меркель мен Эммануэль Макрон бірлесіп сәуірде арнайы саммит өткізген. Жиын қос тараптың өзара диалог құруына бағытталғанмен, айтарлықтай нәтиже болған жоқ. Косово тарапы бұл іске Еуропаның ғана емес, АҚШ-тың да назар салғанын қалайды. Демек, таяу күндері Приштина мен Белградтың бейбіт келісімге келуі екіталай.

 

"The Qazaq Times"