Украина президенті Владимир Зеленский алғашқы жұмыс сапарын Луганск облысынан бастады.
«Украинформ» порталының хабарлауынша, сапар барысында Украина Біріккен күштер операциясының қолбасшысы генерал-лейтенант Александр Свирский президентке қақтығыс аймағындағы жағдай туралы баяндама жасап, бөлімшелердің жасақталуы жайлы мағлұмат берген. Кеңеске Бас штаб басшысы – Украина қарулы күштерінің бас қолбасшысы генерал-лейтенант Руслан Хомчак қатысқан.
В.Зеленский өз сапарында алғашқы шеп – блиндаждар мен бақылаушылар постын аралаған. Сонымен қатар, президент әскерилердің Луганск пен Счастьедегі тұрмыс-жағдайымен танысып, тағам, техника, баспана және әлеуметтік жәрдем сапасын тексерген.
2014 жылы Украина ресейшіл президентін биліктен кетіріп, еуропашыл үкімет құрған соң Ресей Қырым түбегін аннексиялап алған еді. Іле-шала Украинаның шығысындағы Донецк және Луганск облыстарында Мәскеуге сүйенген қарулы ресейшіл сепаратистер бас көтеріп, аймақтың біраз ауданын басып алған. Содан бері жалғасып жатқан Украина әскері мен ресейшіл сепаратистер арасындағы қарулы қақтығыс кезінде он мыңнан астам адам қаза тапты. Киев Мәскеуді сепартистерді қаржыландырып және қаруландырып отыр деп айыптайды. Ресей бұл қақтығысқа қатысы жоқ екенін мәлімдеп келеді.