Биыл Қазақстан мен Түркия тауар айналымы 50%-ға артқан. Бұл туралы СІМ баспасөз қызметі хабарлады.

ҚР Сыртқы істер министрі Бейбіт Атамқұлов пен Түркия Сыртқы істер министрі Мевлют Чавушоғлу стратегиялық жоспарлау жөніндегі бірлескен тобының V отырысының қорытындылсы бойынша кездесу ұйымдастырды. Жиын барысында қос тарап тауарлық айналым және дипломатиялық байланысты талқыға салып, екіжақты қарым-қатынастағы стратегиялық жетістіктің 10 жылдығына тоқталып өтті. Б.Атамқұлов сөзінде: "Бүгін Мевлют Чавушоғлумен өте жемісті кездесу өткіздік. Қазақ халқы мен түрік халқы тамыры терең тартқан ұлы бәйтеректің екі үлкен бұтағы іспетті. Қазақстан азаттық алғаннан кейін екі ел арасындағы ынтымақтастық бірден қарқынды дами бастады. Бүгінде Қазақстан мен Түркия саяси, сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық, әскери және басқа салаларда белсенді түрде ынтымақтастық жүргізуде", - деп мәлімдеді.

Алдағы уақытта екі ел «Жаңа синергия» бірлескен экономикалық бағдарламасын іске асыру мақсатында біршама іс-шараларды жүзеге асырмақ.

Айта кетейік, қазіргі уақытта Қазақстанда түрік капиталының қатысуымен 2200-ден астам кәсіпорын жұмыс істейді. Биылғы жылдың алғашқы тоқсанында екіжақты тауар айналымы алдыңғы жылмен салыстырғанда 50%-дан асып, 632 млн долларға жеткен.

"The Qazaq Times"