Сейсенбі күні, Трамп үкіметінің жоғары лауазымды тұлғалары Конгресс мүшелеріне Иранның Орта Шығыстағы әскери қаупі туралы мәлімдеме жасады. Олар өткен аптадағы Сауд Арабиясының сауда кемелері мен мұнай стансаларына жасалған шабуылдарға Иранның тікелей жауапкершілігі бар екенін айтқан.

АҚШ президенті Дональд Трамп та дүйсенбі күні Иранға қатысты қатаң позициясын қайталап, Құрама Штатқа қарсы қарулы әрекетке барған жағдайда Иранның түбегейлі жойылып кететінін ескерткен болатын.

Трамп сөзінде: «Біз Иранды сабырмен күтеміз және байқап көреміз. Бірақ, олар қашанда жаулық әрекеттерін жалғастырып келеді. Олар шын мәнісінде өңірдегі терроризмді қолдаушы ел.... Не болатыны туралы әлі нақты шешім жоқ, алайда, біз шабуылға ұшырап жатсақ, онда біз бар күшімізді салып ауыр соққы жасайтын боламыз. Бізде одан басқа таңдау да қалмайды», – деген.

Бұдан бұрын Иран СІМ басшысы Мұхаммед Зариф Трамптың мәлімдемелеріне жауап бергенде: «Ирандықтар мыңдаған жылдар бойы сақталып келді, ал Шыңғысхан мен Алкесандрды қамтыған агрессорлар жойылып кетті», – деген болатын. Ол және Иранды сылтау етіп АҚШ-тың Парсы шығанағындағы әскери күштерін көбейтуі өздігінен апатқа жол ашады деп ескертті. Ол Трампқа: «Сөйлегенде басқаларды құрметтеуді үйреніңіз, бұл пайдалы», – деп те мысқылдаған.

Ал, Иранның рухани көсемі Аятолла Хомейни Иранның соғысты қаламайтыны, алайда АҚШ-пен қайталай келіссөзге келмейтінін мәлімдеген. Ол сөзінде: «Қазіргі АҚШ үкіметімен келіссөзге келу мүмкін емес», – деген.

Қазір, АҚШ-тың Орта Шығыстағы әскери күштері шұғыл дайындық үстінде. Теңіз күштерінің Бесінші флоты Араб теңізінде қауіп-қатерге қарсы жаттығуларды күшейткенін мәлімдеген.

“The Qazaq Times”