Америка Құрама Штаттарының президенті Иранға қатаң ескерту жасап, Иранның АҚШ-қа немесе оған тиесілі нысандарға шабуыл жасауы Иранның жойылуына алып келетінін айтты. Бұл туралы Трамп жексенбі күні өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.

Трамп «Твиттер» парақшасында: «Егер Иран Құрама Штатқа шабуыл жасаса, онда ол ресми түрде жойылады», «Ешқашан АҚШ-қа қауіп төндіруге болмайды», – деп жазған. Бұл мәлімдемесінен үш күн бұрын, Ақ үй басшысы Иранмен соғысты қаламайтынын, келіссөзге дайын екенін айтып еді. Сол кезде Ақ үйде жиналған журналистер Трамптан: Құрама Штаттың Иранға соғыс ашуы мүмкін бе? – деп сұрағанда, президент Трамп: «Мен олай болмауын қалаймын», – деп жауап берген.

Трамптың Иранға қатысты мәлімдеме жасаған кезі. Фото: VOA.

Дегенмен, АҚШ пен оның одақтастары арасында Иранға қарсы әскери күш қолдануы турасында пікір бірлігі жоқ. Ал, Сауд Арабиясының патшасы Салман әс-Сауд Парсы шығанағы мен араб елдері басшыларын 30 мамырда «агрессия және оның салдары» тақырыбында жиналыс өткізуге шұғыл шақырды.

Ал, Иранның Революция сақшылар корпусының бас қолбасшысы мәлімдемесінде, Иранның соғысты қаламайтын, алайда болуы мүмкін «соғыстан қорықпайтынын» айтқан.

АҚШ Теңіз армиясының Бесінші флоты жексенбі күні мәлімдеме жасап, болуы мүмкін қауіп қатерлерге қарсы күш-қуатты арттыру үшін, Араб теңізіндегі жаттығуларды күшейтетінін білдірді.

АҚШ президентінің кезекті мәлімдемесі соғыстың болу ықтималдығын арттырды. АҚШ пен Иран арасында соғыс қауіпі және оның себептері туралы сайтымыздағы көлемді сараптамада айтылған болатын.  Екі елдің соғысты таңдауы өңірдің қауіпсіздігі үшін үлкен қатер ала келетіні белгілі.

“The Qazaq Times”