Еуропалық Одаққа мүше елдердің сыртқы істер министрлері Иран мәселесін талқылап жатқан кезде, АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Помпео күтпеген жерден Брюссельде пайда бола кетті. ЕО-ның сыртқы саясат пен қауіпсіздік жөніндегі федералды өкілі Федерика Могерини де АҚШ сыртқы істер өкілінің бұл сапары күтпеген жерден болғанын растады.
Шынтуайтына келгенде, АҚШ мемлекеттік хатшысы бұл жолы Мәскеу сапарына дайындалып жатқан еді. Мәскеуде ол Ресей президенті Путин және СІМ басшысы Лавровпен кездесуді жоспарлаған. Брюссельге аялдаған Помпео Мәскеу сапарын бір күн кейінге қалдырды.
АҚШ Мемлекеттік департаменті Помпеоның ЕО сапары туралы түсініктеме беріп: «Мемлекеттік хатшы ЕО мүшелерімен соңғы кездегі Иранның қауіпті әрекеттері мен мәлімдемелері туралы талқылайтын болады. Таяу-Шығыстағы және әлемдегі ортақ мүдделерімізді қамтамасыз ету үшін, одақтас серіктестерімізбен ынтымақтастықты жалғастырады», – деген.
Еуроодаққа мүше елдердің СІМ басшылары Иранмен 2015 жылғы ядролық келісімді жалғастыру, әлде бас тарту туралы шешім шығаруға жиналған болатын. Федерика Могерини болса, Еуроодақ қазірге дейін Иранның ядролық келісімін қолдайтынын, кезекті жиында келісімді жалғастыру жолдарын қарастыратынын айтқан.
Ол және күтпеген жерден ЕО-ның орталығына айналған Брюссельге сапарлай келген АҚШ мемлекеттік хатшысымен кездесу әлі жоспарда жоқ екенін айтқан. «Әрине, біз қарсы аламыз. Бірақ, бүгінгі күнде біздің күн тәртібіміз толық. Кездесу туралы әлі жоспарланған жоқ», – деген.
Айта кетейік, АҚШ осыдан тура бір жыл бұрын Иранмен қол қойысқан келісімнен бір жақты шығып кетті. Ілі-шала Иранға қарсы экономикалық санкцияларды қалпына келтірді. Содан бері біртіндеп шиеленісіп келе жатқан АҚШ-Иран қатынасы өткен аптада шырқау шыңына шыққандай болды.
Иран мұнай экспортына жасалған тосқауыл, Теһранды (Тегеран) тығырыққа тіреді. Иран тарабы АҚШ-тың бір жақты бас тартуы өзге қол қойған елдердің келісімді орындауына кері әсерін тигізді. Теһран өзге қол қойған елдерден 60 күн ішінде келісім туралы реттеу жасауды талап етті. Олай болмағанда, Иран уран байытуды қайта қолға алатынын жеткізді.
Помпеоның бұл реткі Еуроодаққа жасаған сапарында, ЕО мүшелерінің Иран мәселесі туралы шешімін өзгертуге тырысуы мүмкін. Алайда, Иранға қарсы қысымның артуы өңірдің қауіпсіздігіне қауіп төндіріп тұр. Қазірдің өзінде, шарасыз Иран режимі қарулы күшке сүйенудің аз-ақ алдында тұр.