2 маусымда Алматыда скандинавиялық жүріс бойынша Nordic Walking Fest бірінші фестивалі өтпек. Іс-шараны қазақстандық спортшы, Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері Елена Хрусталеваның Олимпиадалық қоры ұйымдастырады.
Аталған шараға қатысты өткізілген баспасөз конференциясында журналист Андрей Кукушкиннің айтуынша, фестивальде спорттық дистанция мен корпоративтік командалардың әрбір қатысушысы үшін уақыт белгіленіп, қозғалысты сырттай төрешілер бақылайтын болады. Мүмкіндігі шектеулі қатысушылар фестивальге тіркелу жарнасынан босатылған. Сондай-ақ, барлық қатысушыларға мақтау қағаздары мен арнайы жүлделер табысталады.
Қор директоры, Ванкувердегі Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері Еена Хрусталева: «Жалпы алғанда, Елена Хрусталеваның Олимпиадалық қорын біз еліміздің даңқты алпинисі Мақсұт Жұмаевпен және фристайл бойынша әлем чемпионы Юлия Галышевамен бірлесіп, спортшы жастарды қолдау, тәжірибе алмасу мақсатында құрдық. Осы ретте ұйымдастырылып отырған скандинавиялық жүріс – өзіңізді жақсы қалыпта ұстауға мүмкіндік беретін, барлық жастағы адамдарға арналған фитнестің әдемі түрі. омыртқаға жақсы әсер етеді.Қан тамырлары мен жүрек-қан тамырларының жұмысын жақсартады. Қарапайым жүрістен бұл жүрістің айырмашылығы өте көп. Бұл спортта өзін-өзі бастан-аяқ қалыпты ұстап, жүрістің заңын бұзбаған жүргінші ғана артық салмақтан арылып, жақсы нәтижеге қол жеткізе алады. Almaty Nordic Walking Fest белсенді азаматтардың көңілінен орын табады деген үміттемін», – деп атап өтті.
Almaty Nordic Walking Fest шарасы Алматы қаласының 2019 жылдағы спорттық оқиғалары тізімінің күнтізбесіне енгізілді. Алматы қаласы спорт басқармасының басшысы Рүстем Байтасов скандинавиялық жүрістің қала және тұрғындар үшін маңызына ерекше тоқталды.
Фестивальді өткізу бойынша серіктес Максим Прощенко басқаратын «Еуразия» мектебі болып отыр. Мектеп мамандары кәсіпқой қазылықты ұйымдастыруға, жарыс қатысушыларымен қашықтықтан өту уақытын өлшеуге, трассаларды бөлуге жұмылдырылады. Сонымен қатар, арнайы шеберлік сабақтары мен жаттығулар өткізіледі.
Скандинавиялық жүріс — спорттың жаңа түрі. Бұл жүріспен еуропалықтардың әуестене бастағанына көп болған жоқ. 1990-жылдары ғана Еуропаға кеңінен таныла бастады. 2000 жылы Халықаралық скандинавиялық жүріс одағында тек қана үш мемлекет болса, қазір оның қатары жиырмадан асады. Одақтың штаб-пәтері фин қаласы Вантада орналасқан.
Айта кетейік, скандинавиялық жүріс бойынша фестиваль 2 маусымда «Атакент» көрме кешенінің алаңында өткізіледі. Қатысуға ынта білдірушілер www.nordicwalkingfest.kz арқылы онлай-тіркеуден өте алады. Скандинавиялық жүріс фестивалі алдағы уақытта Қырғызстан, Өзбекстан сынды елдер мен Нұр-Сұлтан, Шымкент қалаларында өткізіледі.