Беларусь вице-премьері Ресей мұнай құбырына шектеу қоюды ұсынды.
Вице-премьер Игорь Петришенко президент Александр Лукашенкоға Беларусь аумағы арқылы өтетін Ресейдің «Дружба» мұнай құбырына шектеу қоюды ұсынды. Петришенконың сөзінше, мұнай құбыры осыдан жарты жыл бұрын жөндеу жұмыстарынан өтуі тиіс болған. Бірақ ол уақытта әріптестік жөніндегі келісімге сәйкес ол кейінге қалдырылған. Қазіргі таңда экологиялық мәселелерге байланысты құбырға шектеу қою қажет немесе мұнай тасымалын тоқтату керек.
Айта кететін бір жайт, аталмыш ұсыныс Ресей Беларусьтен баратын алма мен алмұрт өнімдеріне шектеу қойатынын мәлімдегеннен кейін жасалған. Бұған дейін Ресей 12 сәуірден бастап жоғарыда аталған Беларусь өнімдерін өз аумағына кіргізбейтіндігін айтқан. Мәскеу өзінің бұл қадамын Беларусьтен келетін өнімдердің арнайы құжаты жоқтығымен түсіндірген.
Беларусь президенті Александр Лукашенко осыдан біраз уақыт бұрын «Ресейлік әріптестеріміз әділетсіз жұмыс істеуде. Олар өз нарығын ешқандай себепсіз жабуда. Салдарынан Беларусь кәсіпорындары өз тауарларын өткізе алмай жабылуға мәжбүр» - деп мәлімдеген.