Осы аптада Украина көшелерінде Владимир Путин мен Петр Порошенконың суреті бар сайлауалды плакаттар мен кітапшалар пайда болды. Плакаттарда «21 сәуір. Шешуші таңдау» деп жазылған. Аталған жарнамалық плакаттан кейін Украина жұртының пікірі екіге жарылып, сайлауалды сарсаңға түсті.
Әлеуметтік желілерде мұндай қадам сайлауалды жағдайды бәсеңдету және мемлекеттегі келеңсіздіктер деп бағаланған. Президент штабы бұл мәселені «сыртқы сын-қатерлер жағдайында төтеп бере алатын мықты президент қажет» деген үгіт-насихат қажет деп түсіндірді.
Порошенко штабы мен жақтастары «не Порошенко, не Путин!» ұранын оның кандидатурасын ұсынғаннан бастап пайдаланған. Себебі, Петр Порошенко Украина президенті лауазымын атқарған жылдары саяси-дипломатиялық жағдайда Ресейден алшақтап, НАТО мен ЕО-ға мүше болуға күш салған.
Кеше ICTV телеарнасының эфирінде Петр Порошенко: «Путин өз сөзінде Украина президенттігіне кез келген кандидат қабылдаймыз. Тек Петр Порошенкодан басқа деген болатын. аталған лозунңтің авторы мен емеспін. Ол сөз Путиннің пікірінен алынған. Сондай-ақ, мен Владимир Зеленскийді Путиннің агенті деп айыптамаймын. Бұл дәл емес. Егер біреу осылай түсінсе-мен кешірім сұраймын», – деп мәлімдеді.
Кей сарапшылардың пікірінше, Порошенко екінші турда жеңіске жетеді. Себебі, ол азаматтардың өмір сүру деңгейін арттыру және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жолында айтарлықтай жақсы нәтижеге қол жеткізген. Украинаны Ресейден алшақтатып, батысқа бет бұру жолында бірнеше заңдар қабылдады. Олардың қатарында ЕО мен НАТО-ға мүше болу, Ресеймен арадағы «достық» келісімін бұзу және Германиямен экономикалық байланыс орнату бар. Батыс елдері үшін Порошенко Украина патриоты және халықты Ресей агрессиясынан қорғаушы ретінде белгілі. Осындай артықшылықтарды ескерген Порошенконың командасы актер Зеленскийдің саясатта тәжірибесі болмағандықтан, президент болуға дайын емес деп есептейді.
«Greenberg Quinlan Rosner» сауалнама жүргізу орталығы екінші турға Зеленский мен Порошенко өткен жағдайда, әрқайсысы 40% -дан дауыс жинайды деген болжам жасаған. Мәліметтер бойынша, сайлаушылардың жартысы президенттік креслода жаңа адамның отырғанын, ал қалған жартысы тәжірибесі бар саясаткердің президент болғанын құптайды.
Айта кетейік, Украинада президент сайлауының бірінші туры наурыз айының 31-і күні өткен. Онда сайлау қорытындысы бойынша, Владимир Зеленский 30,22%, Петр Порошенко 15,93% дауыс жинап, екінші турға өткен. Сайлаудың екінші кезеңі сәуірдің 21-і өтеді.