Қытай басшысы Римге ресми сапармен барып, Италиямен ірі инфрақұрылымдық жобаларға қол қойды. Қытай мен Италия арасындағы байланыстың нығаюы АҚШ пен өзге еуропалық елдерді алаңдатты.
Қытай басшысы Ши Жинпиң ортаға салған «Бір белдеу – Бір жол» бағдарламасы Қытайды Еуропамен тұтастыруды көздейді. Ал соңғы дәуірде экономикасы құлдырап кеткен Италия елге инвестиция тартуды басты мақсат еткенін ашық ортаға салды. Еуропа елдері арасында Қытайдың арта түскен ықпалы АҚШ пен Еуропа Одағын алаңдата түсті.
Құрлық пен теңіздегі «Жаңа Жібек жолы»
Қытай қолға алған «Бір белдеу – Бір жол» жобасы 60 мемлекетті тұтастыратын, соңғы кездегі ең ірі халықаралық жобаның бірі. Оның түпкі мақсатына келетін болсақ, Қытайдың қыспаққа түскен экономикасына, әсіресе өндіріс саласына жаңа базар іздеу. Ол үшін дамыған Еуропа мен Еуропаға дейінгі елдермен жалғасып жатқан жаңа сауда желісін қалыптастыруды мақсат етеді. Бейжің билігі бұл жобаны транспорттық байланыс, еркін сауда, финанстық интеграция, мәдениет және білім беру салаларындағы ынтымақтастық ретінде жүзеге асырғысы келеді.
Жобаны жүзеге асыру үшін Қытай билігі дамушы елдерге инвестиция ретінде миллиардтаған доллар аударып, инфра-құрылымдық жобаларды қолға ала бастады. Алайда, кейбір сарапшы-сыншылар Қытай билігі жобаның атын жамылып, өзінің саяси және стратегиялық ықпалын кеңейтуді көздейді деп сынға алады. Әрине, Қытайдың бұл жобасында стратегиялық және идеологиялық мүдденің бар екені даусыз. Егер, жоба ойдағыдай жүзеге асар болса бұл Бейжіңнің халықаралық ықпалын арттыра түспек.
Батыс елдері не ойлайды?
Батыс елдерінде қарызға батқан Орталық Азия, Оңтүстік-Шығыс Азия және Африка елдері Қытайдың қас-қабағын бағып қалды деген пікірлер бар. Алайда, Қытай инвестициясы арқылы кей дамушы елдердің инфра-құрылымдық жобаларын жүзеге асыруды қолдаушы батыстық сарапшылар да бар.
Ал, Италияның жөні бөлек, ол Қытай инвестициясын қабылдаған алғашқы дамыған ел болып саналады. Еуропалық бұл елдің әлемнің алдынғы он ірі экономикасына кіретінін, тіпті G7-ге де мүше екенін айта кеткен жөн. Алайда, 2008 жылдан бері Италия экономикасы тұрақты төмендеп кетті. Былтыр Генуя қаласындағы үлкен көпірдің құлауы бұл елдегі инфра-құрылымды жаңарту керектігін ескерткендей болды.
Қытай үшін Италияның маңызы қандай?
Батыстық BBC, CNN секілді ықпалды ақпарат құралдарының талдауынша, Қытайдың Италиядағы инвестициясы тек «символдық» мәнге ие. Бұл арқылы Бейжің тарабы «дамыған елдер де Қытай инвестициясына мұқтаж» дегенді көрсеткісі келеді деп қарайды.
Еуропа Одағы Қытайдың еуропалық елдердегі қадамынан алаңдай бастады. Әрі, Қытаймен келісім жасасқан кезде көңіл бөлуге тиісті 10 түрлі мәселені анықтап, жария етті. Соның бірі, тағы да, Қытайдың электроника алыбы Huawei-дің жұмыс істеуіне рұқсат беруге байланысты. АҚШ тарабы бұл қытайлық компанияны тыңшылықпен айналысады деп айыптайды. Ал, Huawei болса бұл айыптарды жоққа шығарып келеді.
Қытай мен Италия арасында бұл мәселе қаралғаны анық. Себебі, келісімде аталған қытайлық компанияның жұмысы қамтылмаған. Ал, Италия порттары Қытай үшін аса маңызды, Еуропа жүрегіне қадалған жебе сынды рөл атқармақ.
Орталық Азиядағы Қытай инвестициясы
Қытай Орталық Азияда транспорттық және энергетикалық жобаларға бас назар аударып отырғаны белгілі. Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Түркіменстан мен Тәжікстанды қамтыған жобалар қолға алынуда. Қытайдың миллиардтаған инвестициясы Орталық Азия арқылы Иран, Ресей, Кавказ, Түркия, Еуропаға қарай өтпек.
Қашқардан Еуропаға дейінгі дәлізі Орталық Азияның оңтүстігінен өтететін болса, Қазақстан мен Қытай шекарасындағы Қорғас құрлық порты Ақтау порты арқылы Әзербайжан, Грузия, одан ары Еуропаға қарай тауар тасымал желісін орнатуды көздеген.
Дегенмен, Орталық Азия елдерінің үкіметтері Қытай инвестициясы өңірдің экономикалық дамуына қарқын береді деп үміттеніп жатқаны белгілі. Алайда, қытайлық инвесторлар жергілікті халықтың қарсылығына көбірек тап болатыны белгілі бола бастады. Әсіресе, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан елдерінде бұл айқын көрініп келе жатыр. Бұл да Қытай жобасының алдағы үлкен кедергісінің бірі. Орта Азия елдерінің қытайлық ірі жоба астарындағы стратегиялық және идеологиялық мүдделерін тап басып табуы аса маңызды болғалы тұр.