Ауыл шаруашылығы Қазақстан экономикасындағы орны ерекше және мемлекетті дамыту стратегиясында басым бағыттардың бірі.  Бұған халықтың 45%-ының елді-мекендерде тұратындығы және жалпы халықтың 30% ауыл шаруашылығы секторында еңбек ететіндігі себеп. ҚР ҰЭМ Статистика комитетінің мәліметтеріне сәйкес, елімізде жұмыс істейтін адамдардың саны, 8,5 млн, оның 2 миллионы ауыл шаруашылығы саласында еңбек етеді екен.

Қазақстанда мұнай-газ секторының дамуы ауыл шаруашылығы өндірісі және ауыл аймақтарын дамытуды мемлекеттік қолдауды әлдеқайда көбейтуге мүмкіндік берді. Үкімет еліміздің аграрлық саясатына өзгерістер енгізіп, аграрлық сектор үшін айтарлықтай қаржылай қолдау көрсетіп келеді. Былтыр ауыл шаруашылығын дамытуға 44 млрд 700 млн теңге бөлінген екен. Ал жыл сайынғы субсидиялау көлемі 2015 жылы – 180,8 млрд теңге, 2016 ж. – 220,7 млрд теңге, 2017 ж. – 260,5 млрд теңге, 2018 ж. – 227,6 млрд теңге.  Республикалық бюджеттен 2017-2019 жылдары аграрлық салаға орташа есеппен жалпы бюджеттің 3-4%-ы бөлінген.

Ауыл шаруашылығына 2013 жылдан 2020 жылға дейін 21 млрд АҚШ долларынан астам қаржы қарастырылған болатын. Осы сумманың 80%-ы республикалық бюджеттен, 7%-ы ұлттық қордан, 10-ы ҚазАГРО облигацияларын шығару жолымен, ал қалған 3%-ы ҚазАГРО-ның жеке меншік қаржысынан бөлініп отыр. Соңғы 5 жылда аграрлық саладағы республикалық бюджеттің негізгі бөлігі субсидия түрінде мемлекеттік қаржылай қолдау, несиелерді пайыздық үстемемен субсидиялау және екінші деңгейлі банктер мен өзге де ұйымдар беретін несие лизингіне жұмсалғанын атап өтуіміз керек. Баршаға анық мәселе – ауыл шаруашылығына қажетті қаржы бөлінгенімен, нәтижесі аз, жұмыстар толық атқарылмайды.

Қазақстанның аграрлық саясаты толықтай шаруашылық жүргізуші субъекттерді ұлғайту есебінен өндіріс көлемін арттыруға, әртүрлі мемлекеттік бағдарламалардың қолдауы арқылы берілген ауыл шаруашылығы техникаларын жаңарту жолымен тиімділігін арттыруға бағытталады.

2020 жылға қарай ауыл шаруашылығы министрлігі табиғи субсидияларды тиімсіздігі үшін толығымен жоюды жоспарлап отыр. Бұл өз кезегінде мемлекеттік қолдаудың тиімділігін арттырады. Ендігі жерде субсидиялар жаңа технологияларды енгізуге және өнімділігін арттыруға жұмсалмақ.

АӨК саласындағы шағын кәсіпкерлікті қолдауды бүгінде «ҚазАГРО» Ұлттық басқарушы холдингі жүзеге асырып отыр. Қордың мәліметі бойынша, 2017 жылы белсенді қарыз алушылар 7,2 мыңнан 43,8 мың адамға өскен. Аталмыш қор Қазақстанның ауыл шаруашылығын өндірушілерді қолдау мақсатында бірнеше бағдарламаны қаржыландыруды жүзеге асырып отыр. Демек, бізде ауыл шаруашылығы, мал және егін шаруашылығымен айналысуға ынталы адамдар көп, тек олардың несиені қайтаруға келгенде қиналатындары анық. Өйткені еліміздің табиғаты қатал, жері сортаң. Осы ретте несиелердің пайыздық үстемесін азайту турасында ұсыныстарды ескеретін кез келген сынды. Ауыл шаруашылығы саласы бойынша алынған несиелердің қайтарылмауы осының дәлелі.

"The Qazaq Times"