Brexit жоспары Британияны тығырыққа тіреді. Егер Ұлыбританияның Еуропалық Одақтан шығу мерзімі ұзартылса, ірі көлемде айыппұл төлейді. Бұл туралы Times басылымы хабарлады.
Біріккен корольдік 29 наурызда құжатты бекітпесе, айыппұл сомасы одақтан шығу бойынша келісілген 39 млрд фунт стерлингтен бөлек өтеледі. Мәселен, Лондон одақтан шығуды бір жылға ұзартқысы келсе, ол үшін 13,5 млрд фунт стерлинг төлеуі керек. Британиялық Daily Telegraph басылымының хабарлауынша, Brexit жоспарланған күні жүзеге аспаған жағдайда Лондон Еуроодақ құрамында қалған әрбір күн үшін өтемақы төлейді. Яғни Ұлыбритания шығу үдерісін үш айға ұзартқысы келсе, 3 миллиард фунт стерлингтей айыппұл төлеуі қажет. Мәліметтер бойынша, 275 қаржы фирмасы Ұлыбританиядан 1,2 трлн доллар көлемінде активтерін алып кетпек. Қаржы орталықтары Дублинге, банктер Франкфуртке, сауда орталықтары Амстердамға қоныс аударып жатыр. Одан бөлек, 5000 жұмысшы өзге елге көшуді көздейді. Алдағы жылдары бұл көрсеткіш ұлғаюы мүмкін.
Министрлер кабинетінен тек екі адам ғана Мэйге қолдау білдірген. Ал парламент мүшелері Brexit жөніндегі келісімдерді консервативті партия басшысының жасағанын қалайды.