Гүлнара Кәрімоваға Өзбекстан билігі қысым көрсетуде – деп мәлімдеді оның қорғаушысы Грегуар Манжа.
«Неміс толқыны» ақпарат агенттігіне берген сұхбатында Манжа: «Өзбекстан билігі Гүлнара Кәрімоваға Швейцариядағы дүние-мүлкі мен заңды құқықтарынан бас тарттыру үшін психологиялық және физикалық қысым көрсетуде» - деп мәлімдеді.
Осыдан бірнеше күн бұрын Өзбекстан Бас прокуратурасы «Гүлнара Кәрімова жазасын өтеу шарттарын бұзғаны үшін жалпы режимдегі колонияға ауыстырылды» - деген хабар таратқан.
Гүлнара Кәрімованың қызы Иман оның анасын Бас прокуратура қызметкерлері колониядан босатылғаннан кейін Ташкенттегі пәтерінен алып кеткенін мәлімдеді. Ол өзінің «Instagram» парақшасында: «Сағат 19:00 шамасында өзбек прокуратурасының қызметкерлері Ташкенттегі пәтеріме баса-көктеп кіріп келді. Мерзімінен бұрын шартты түрде бостандыққа шыққан анам осы пәтерде 2018 жылдың маусым айының соңынан бері тұрады. Бірнеше минуттан соң прокуратураның өзге қызметкерлерімен бірге жетіп келіп, анамды белгісіз жаққа алып кетті», – деп жазды. Ақпан айының ортасында Гүлнара Кәрімованың ұлы Ислам «Instagram» желісінде тергеушілердің жазасын өтеп жатқан анасына қысым көрсетіп, уақытылы медициналық көмек көрсетпегендігін айтып, президент Шавкат Мирзиеевтен көмек сұраған.
Гүлнара Кәрімованың үстінен қылмыстық іс 2015 жылы қозғалған. Дәл осы жылы Ташкент қалалық соты оны «аса ірі көлемде қаржы жымқыру», «бопсалау», «салықтан жалтару» айыптары бойынша кінәлі деп танып, бес жылға бас бостандығынан айырған.
2017 жылдың шілде айында Өзбекстан Бас прокуратурасы Гүлнара Кәрімованың үстінен тағы бірнеше қылмыс бойынша іс қозғалғандығын мәлімдеді. Жаңадан тағылған айып бойынша, экс-президент қызы Өзбекстанға 2 млрд доллар көлемінде зиян келтірген. Өзбекстан ресми органдарының бұл мәлімдемесінен кейін Гүлнара Кәрімованың әлемнің 12 еліндегі банк шоттары мен жылжымайтын мүліктері бұғатталған.