Осы аптаның басында америкалық ықпалды ақпарат құралдары бірқатар Ақ үй лауазымдыларының сөзіне сілтеме жасай отырып, Құрама Штаттың ядролық технологияларды Сауд Арабиясымен бөлісуді жоспарлап отырғанын хабарлаған. Бір күн бұрын Иран СІМ басшысы Мұхаммед Жевад Зариф мәлімдеме жасап, Трамп билігінің әрекетін айыптады.

«Твиттер» парақшасында жасаған мәлімдемесінде Иран СІМ басшысы АҚШ үкіметінің журналист Хашогги өліміне көз жұма қарауы мен ядролық технологияны бөлісу мәселесін салыстырып Құрама Штат билігін «екіжүзді» деп айыптаған.

АҚШ президенті 12 ақпанда ядролық қаруларды дамытушы компаниялармен өткізген кездесуінде де Сауд Арабиясымен ядролық технологияларды, кейбір техникаларды бөлісу туралы кеңескен.  

VOA ақпараттық агенттігінің хабарына қарағанда, Демократтардың басқаруындағы Өкілдер палатасының баяндамасында да бұл туралы сөз болған. Онда Ақ үйдің Сауд Арабиясымен ядролық технологияларды бөлісуі аймақтың тұрақтылығын бұзатыны, өңірде ядролық қаруға қол жеткізуге деген бәсекенің күшейіп, қауіпсіздік мәселесі дағдарысқа ұшырайтынын ескерткен.

 “The Qazaq Times”